Сирияда көтеріліс жасап бастағандар бүгін таңертең мемлекеттік теле және радио эфиріне шығып, Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқандарын хабарлады.
Олар бірнеше ірі қаланы бағындырғаннан кейін оншақты күнде Сирия астанасын алды. Премьер-министрі билікті өткізуге дайын екенін айтыпты. Ал Башар Асад қашып кеткен. Қайда? Әзір ақпарат жоқ. Алдында әйелі мен балаларын Ресейге жіберген деген ақпарат тараған.
Сирияда 13 жыл азаматтық соғыс жүрді, бірақ Ресей мен Иранға сүйеніп билігін сақтай алған. Башар Асад билікке 2000 жылы келген. Ал әкесі Сирияны оған дейін 1971 жылдан басқарған. Дегенмен тағы бір диктатор құлады.
Алайда бұл Сирия гүлдену жолына түседі дегенді білдірмейді. Себебі Таяу Шығыстағы тіршілік, діни алауыздық, жік-жікке бөлінушілік, мүдделер тартысы бір тарапты абсолютті ете алмайды. Оған коррупцияны қосыңыз.
Голан жоталарындағы қазақстандық әскерилердің жағдайы тұрақты. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі осындай мәлімдеме жасады.
«Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін Голан жоталарының Біріккен Ұлттар Ұйымының жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Миссияның жеке құрамы мандатқа сәйкес өз функцияларын орындауда... Бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданып жатыр».
Голан жоталарындағы қазақстандық әскери қызметшілермен тұрақты байланыс орнаған. Қажет болған жағдайда миссияны эвакуациялауды Біріккен Ұллттар Ұйымының басшылығы миссия қолбасшылығының ұсынысы бойынша қарайтын болады.