Алматылық спортшы Жібек Құлымбетова джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 дүркін әлем чемпионы атанды. 17 жастағы балуан қыз Грекияда өткен дүниежүзілік додада 48 келі салмақта өнер көрсетті. Әлемнің 56 елінен 2 мыңнан аса спортшы қатысқан сайыста отандасымыз үздік деп танылып, көк туымызды желбіретті. Талай жарыстарда ел намысын қорғап жүрған қайсар қызбен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Жібек Құлымбетова Грекияда өткен біріншілікте қарсыласқа есе жібермеді. Балуан қыз іріктеуде әлемнің әр түкпірінен келген үздіктерді басып озды.
Ал финалда Біріккен Араб Әмірлігі атынан қатысқан спортшы Балкис Абдо Абдулладан айласын асырды. Сөйтіп, 11 дүркін әлем чемпионы атанды.
Жібек Құлымбетова, джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 дүркін әлем чемпионы:
Өте бір тартысты кездесу болды. Финалдық кездесуде уақыттан ерте аяқтан ауырту әдісімен жеңіске жеттім. Ол кезді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өмірімде 8 жылда бірінші көзімнен жас шықты. Еріксіз... Жылап жатырмын не үшін жылап жатқанымды білмеймін бірақ.
Жібек Құлымбетованы 8 жасында анасы джиу-джитсуға алып келген. Бапкерлері болашақ чемпионнан табандылық пен жеңіске деген құштарлықты аңғардық дейді. Сөйтіп, бірден додаға салыпты. Жеке жаттықтырушысы Самат Айтпанбеттің сөзінше, тынымсыз еңбек пен үздіксіз жаттығудың арқасында Жібек биік белесті бағындырып жүр.
Самат Айтпанбет, бапкер:
Жібектің ең бірінші мақсаты қазақ қызын әлемге таныту, мықты екенін көрсету ғой. Жаттығу кезіндегі еңбекқорлығын айта кетсек болады. Біз бір күнде екі жаттығу өткіземіз екі сағаттан. Соның өзінде тоқтамай жауапкершілікпен қарайды.
Жібек Құлымбетова енді Абу-Дабиде өтетін Әлем чемпионатына қызу дайындалып жүр. Жастар арасында ұйымдастырылатын жарыста отандасымсыз ел намысын биікке көтеріп, жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді.
Айдана Қуантхан