Маңғыстауда әлеуметтік маңызды азық-түліктер қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда әлеуметтік маңызды азық-түліктер қымбаттаған

24.07.2024

Маңғыстауда азық-түлік қымбат. Статистика органдарының мәліметі бойынша елімізде азық-түлік тауарларының бағасы соңғы бір жылда шамамен 6 пайызға өскен. Аймақтарды салыстырғанда Маңғыстау бірінші орында тұр. Өңірде әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағасы тұрғындарға қалай әсер етуде. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Әлеуметтік маңызды азық-түліктердің ішінде күріш пен жұмыртқа - 15 пайызға, сары май мен тауық еті - 7 пайызға, Ал макарон мен нанның бағасы - 10 пайызға өскен. Қымбатшылыққа әр түрлі фактор себеп дейді, мамандар. Мәселен, былтыр 85-90 теңге болған нан қазір 95 теңге тұрады. Наубаханаларда бағаның қымбаттауына коммуналдық төлемдердің өсуі әсер еткен.

Әлеуметтік маңызды көкөністердің ішінде картоп 10 пайыз, сәбіз 7 пайызға қымбаттаған. Көкөніс пен жеміс-жидектің көтерме саудасымен айналысатын Азамат Таңатаров қазір Маңғыстауда қымбат маусым дейді. Себебі, өнімнің көбі сырттан тасымалданады. Оның үстіне арнайы көлікпен жеткізілмесе, тауар бұзылып кетеді.

Азамат Таңатаров, кәсіпкер:

 Шамалы қымбаттау баға 10 теңге, 5 теңге қымбаттау болып келеді.

Былтыр өңірде әлеуметтік маңызды 19 түрлі азық-түліктің тапшылығын болдырмай, бағаны бір деңгейде ұстау үшін, тұрақтандыру қорына 1,5 млрд теңге бөлінген. 7 оператор анықталып, олар қажетті тауардың бәрін жеткізді. Қазір қоймаларда азық-түлік мол. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда 19 түрлі тауардың 12 -сі қымбаттаған.

Маңғыстауға азық-түлік тауарларының 85 пайызы сырттан тасымалданады. Әлеуметтік және әлеуметтік емес азық-түлікті қосқанда күніне - 500 мың тонна тауар келеді. Тасымалға қоса, жыл сайын өсетін инфляция тағы бар. Нәтижесінде баға шарықтап тұр. Ал әлеуметтік маңызды емес азық-түліктердің бағасын тіпті ешкім тексермейді.Себебі заңды механизмі жоқ.

Дастан Мұратәлиев, Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

Ал әлеуметтік маңызды еместерді статистика органдары өздері қарап, өздері анализ жасап отырады, талдау жүргізеді. Былай айтқанда тиісті заңда бір тетік жоқ оны бақылайтын. Сондықтан оны халықтың өзі қоғамдық бақылау жүргізіп, тиісті хабарламалар, арыздар жазуы тиіс.

Қазір аймақта жедел желі және әлеуметтік маңызы бар азақ-түліктің бағасын тергеп-тексеретін комиссия жұмыс істейді. Қоғамдық штаб халықтық бақылау топтары мониторинг жүргізуде. Биыл соның нәтижесінде 34 кәсіпкерге әкімшілік хаттама жазылып, 2 түрлі баға көрсеткен екі кәсіпкерге айыппұл салынған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу