Түйе сүті Қытай нарығы арқылы әлемге экспортталып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түйе сүті Қытай нарығы арқылы әлемге экспортталып жатыр

05.07.2024

Түркістан облысында түйе сүті Қытай нарығына экспортталуда. Қытайлық инвестордың қаржысына салынған кәсіпорында шұбаттан құрғақ ұнтақ дайындалып, аспан асты еліне саудаланып жатыр. Тәулігіне 10-15 тонна шикізат өңделіп, түйе ұстайтын шаруалар да тұрақты табыс тауып отыр.

Орталық Азиядағы теңдесі жоқ зауыт Түркістан индустриалды аймағында орналасқан. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны толықтай соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Автоматты жүйе арқылы жұмыс істейді. Тәулігіне 6 тоннаға жуық шұбатты өңдеп, одан 600 келіге дейін ұнтақ алады. Ал айына 100 тоннаға дейін түйе сүтін өңдеп, 10 тонна ұнтақты экспортқа шығарады.

Хы Жы Чиян, өндірістік цех басшысы:

Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы өңдеу цехына жеткізіледі. Барлығы цифрлы технологиямен басқарылады. Сүт өңделетін өндірістік цехқа арнайы киімдегі технологтардан басқа бөгде адам кіргізілмейді. Дайын өнімнің сапасы әлемдік стандартқа сай болу үшін талап қатал.

Алты жыл бұрын ашылған өндіріс орны пандемия кезінде біраз уақыт жұмысын тоқтатты. Былтыр қайта ашылып, бүгінде 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның бесеуі көрші елдің мамандары. Мекеме өзіне қажетті шикізатты өңірдегі 8 сүт өңдеу орталығынан алады. Жеткізілген түйе сүті сан түрлі сұрыптау мен түрлі тексерістен өтеді.

Қаламқас Масақбаева, зертхана маманы:

Мысалы бізге бір күнде алты сүт келсе, алты сүттің құрамын зерттейміз. Яғни ол жерде сүттің қышқылдығын анықтаймыз біріншіден. Сол сүтте қой сүті бар ма, басқа да бөгде сиыр сүті қосылды ма соны анықтаймыз. Ол ұнтақтың ақуызы мен майлылығын, оның да қышқылдығы, ылғалдылығы болады, соны зерттейміз.

Кәсіпорын тәулігіне 100 тонна түйе сүтін қабылдай алады. Десе де зауыт әлі толық жұмыс қуаттылығына көшкен жоқ. Себебі өңірдегі түйе шаруашылықтары әзірге мұндай көлемдегі шикізатпен қамти алмай отыр. Қазір зауыт шауралардан шұбаттың 1 литрін 900 теңгеден сатып алуда. Мамандар 15 тонна сүттен 1 тонна ұнтақ алынатын айтады.

Шолпан Ерболат, сату бөлімінің басшысы:

Зауыт іске қосылғаннан бері қазірге дейін 200 тоннадан астам құрғақ ұнтақ өнімін өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Ганконгқа экспорттап жатырмыз. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Оның біріншісі – майсыздандырылмаған түйе сүті ұнтағы. Оның майлылық құрамы жоғары. Ал екіншісі аз мөлшердегі майсыздандырылған түйе сүті ұнтағы.

Яғни 300 грамдық бір құтыдағы ұнтақтан 3,5 литр шұбат шығады. Кәсіпорын дайын ұнтақты әзірге тек Қытайға экспорттап жатыр. Болашақта Ресей мен Еуропа елдеріне шығаруды жоспарлауда. Айта кетейік, бұдан бөлек өңірде Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жобалық құны – 400 млн доллар болатын мақта өңдеу, жіп иіру және мата шығару зауытының құрылысы жүріп жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу