«2050 жылға қарай мұхиттар балықтан гөрі пластикке толады». Осылай дабыл қаққан Еуропа экологтары жаһан елдерін пластиктен бас тартуға үндеуде. ЕуроОдақ елдері үш жыл бұрын бір рет қолданатын пластик ыдыстарды тұтынуға, өндіруге тыйым салды. Қоршаған ортаны қорғау үшін қарт құрлықта тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау міндетті. Швецияда өңдейтін қоқыс тапшы болған соң, ел үкіметі жылына 1,5 млн тоннаны Норвегия мен Германиядан тасымалдап отыр.
Еуропа елдерінде ашық-шашық жатқан қоқыс полигоны жоқ. 90-жылдарға дейін тұрмыстық қалдық көміліп келді. Оның жер-су, топыраққа орасан зиян екенін айтып, экологтар дабыл қаққан соң, қарт құрлық елдері қоқысты өңдеуге кірісті. Ол үшін тұрғындарға тұрмыстық қалдықты сұрыптау міндеттелді. Мәселен, Бельгияда қағаз бен картонды сары дорбаға, пластик, қаңылтырларды көкке, тамақтың қалдығын қызғылт сары түсті пакетке салу қажет. Қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтарды ақ дорбаға жинап, есіктің алдындағы арнайы жәшіктерге салу парыз.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қияр-қызанақтан, жеміс-жидек тосаптарынан босаған банкілер мен шыны бөтелкелерді тазалап, жуып, көшедегі мынадай арнайы контейнерлерге тастау қажет. Түсін шатастырмай, жасылды жасылға, ақты-аққа салу керек. Сұрыптау тәртібін сақтамай, қоқысты қалай болса солай салғандар 250 еуроға дейін айыппұл арқалайды.
Қарт құрлықта шыны, пластик пен қағаздың 80 пайызы қайта өңделеді. Өңдеуге жарамайтын қоқыстар өртеліп, одан электроэнергия өндіріледі. Брюссельдегі бір ғана зауыт жылына 500 мың тонна қоқыс өртеп, одан 262 млн кВт тоқ алып отыр.
Джек Делинте, Қоқыс өртейтін зауыттың бас инженері:
Бұл қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жоба болғандықтан біз жыл сайын технологияны дамытып отырамыз. Ауаға улы заттар тарамас үшін түтін мұржасына ең қымбат фильтр орнатқанбыз. Яғни, шығып жатқан түтіннің адамдарға, ауаға еш зияны жоқ.
Қарт құрлықтағылар өртенген қоқыстың күлін де кәдеге жаратып отыр. Ол өзен-көлдердің жағасын бекітуге, құрылыс заттарын шығаруға пайдаланылады. Қураған гүл, шөп те құр қалмайды. Олардан қайтадан гүл егуге, егістікке пайдалануға тыңайтқыш жасалады. Қазір Еуропада қоқыс өңдейтін 500-ден астам зауыт бар.
Луена Мори, Брюссель қаласының тұрғыны:
Зауыттың жұмысымен танысуға арнайы келдім. Пластмас бөтелкелерден киім тігілетінін, ал сыраның алюминий қауашақтарынан велосипед жасалатынын білмеппін. Қоршаған ортаны қорғау үшін қоқыс тастамай, осылай сұрыптауымыз керек.
Батыс елдерінде сынған тоңазытқыш, телевизорды да есіктің алдына шығара салуға болмайды. Қаланың шетінде орналасқан өндірістік контейнерге өзіңіз апарасыз немесе 100-200 еуроға алып кететін арнайы қызмет мамандарын жалдау қажет. Осылайша, ілім-ғылымы, алға кеткен мемлекеттер қалдықты кәдеге жаратып, экологиясын жақсартып, экономикасын дамытып отыр. Демек, қалауын тапса, қоқыс та табыс әкеледі.
Нұрсұлу Қасым