«Таза Қазақстан» акциясы аясында 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

14.06.2024

«Таза Қазақстан» республикалық бастамасының өту барысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берілді. Бүгін жалпыұлттық акция аясында ұйымдастырылған «Жол» эстафетасы аяқталды. Елімізде бұрын соңды болмаған эко-шараның өтуіне «Амаnаt» партиясы мұрындық болды. 

Ақмола өңірінің Аршалы ауданынан басталған эко-эстафета Қонаев қаласында аяқталды. Тазалық керуені Қарағанды, Жамбыл, Алматы облысын басып өтті. 5 күн бойы 2 мыңға жуық белсенді 1200 шақырымнан астам жолдың жиегін жинап шықты. Сонымен қатар, вандализмге ұшыраған тарихи- мәдени және табиғи мұралар тазартылды. Ластанған аумақтар дронның көмегімен анықталып, жүк көліктеріне 100 тоннадан астам қоқыс тиелді. Оның тең жартысы қайта өңдеуге жіберіледі.

Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

Жолда біз тек қана қоқыстан тазартпай, аудан ауылдарға кіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жастармен кездесулер ұйымдастырдық. Сонымен қатар, осы акция барысында бізде қоқысты сыйлыққа айырбаста акциясы өткен болатын.

«Амаnаt»-тың «Жолы» - «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өткізілген көп шараның бір ұшы ғана. Бастамаға бас-аяғы 2,5 млн-ға жуық адам үлес қосты. Мыңдаған аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік ғимараттың аумағы тазартылды. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 300 мың шаршы метр көше-жол жабыны қайта жөнделді. 5 мыңдай тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жемісті жұмыс атқарды деп мақтанышпен айта аламын. «Таза Қазақстан» деген әр адамның ойында,санасында жүретін бір мәдени дүниеге айналуы керек. 

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында  елімізде ластанған аумақтардың картасы әзірленіп, 475 учаске анықталды. Айналасы екі айдан астам уақытта 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. 4 млн 600 мыңнан астам қоғамдық орын абаттандырылды. Ол аз десеңіз, су айдындарының айналасындағы 6 миллион шаршы метрден астам аумақ тазартылды. Ауқымды жұмысқа 40 мыңнан астам арнайы техника тартылды. Тазалық жұмысы әлі де жалғасады. Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Құжат биылғы 1 қыркүйекке дейін дайындалады. Бекітілген тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы 5 жылға арналған тиісті өңірлік жоспар қабылдайды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу