Қостанай облысында шегірткеге қарсы 82 мың гектар алқап өңделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында шегірткеге қарсы 82 мың гектар алқап өңделді

13.06.2024

Абай облысы Ақсуат ауданындағы жайылым мен шабындыққа шегіртке қаптаған. Зиянкестер шамамен 7 мың гектарды басып алды. Ал Қостанай облысында шегірткеге қарсы 82 мың гектар аумақ өңделді. Өңірдегі ресми органдар егіс алқаптары мен шабындықтарға ешқандай залал келмегенін айтты. Зерттеу барысында зиянкестердің 100 мың гектар алқапқа қауіп төндіру мүмкіндігі анықталып, өңдеу жұмыстары қолға алынды. Алқаптарды бақылау, дәрілеу шілде айының соңына дейін созылады.

Нұрқуат Біртазин облыстық Аумақтық инспекция басшысы:

Жангелдин ауданындағы Тоқанай ауылының маңындағы жағдайға байланысты айтарым, одан ауылшаруашылығы алқаптарына зиян келген жоқ. Ең жақын егістік 100 шақырым қашықта. Шегірткенің шамадан тыс көбеюі 50 гектар жерден байқалды. Бүгінде толық жойылды.

Түркістан облысында да шегіртке таралады деген аумақ түгел дәріленді. Зиянкестер қайта бой көтерген соң мамандар он шақты күннің ішінде жоспарлы аумақтан бөлек, 61 мың гектар жерге қайтадан улы химикат шашты. Соның арқасында Арыс қаласында зиянкестерден келетін қауіп толық сейілді. Жұмыс тиянақты болуы үшін енді мамандар Келес, Шардара ауданы аумағындағы 9 мың гектардай жерді қосымша залалсыздандырмақ.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу