Елдің болашағы-балалар десек, олардың қауіпсіздігі мен құқығы ерекше қорғалуы тиіс. Оған жауапты ең бірінші-ата-анасы. Жазғы демалыста қараусыз қалған балалардың қайғылы жағдайларға тап болғанын көріп жүрміз. Жуырда ғана Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ата-анасы 3 жасар Асылымнан көз жазып қалды. Ал бүгін Атырау облысы Индербор кентінде 15 жасар жеткіншек суға батып кетті.
Жыл басынан бері елімізде 12 адам суға батып қайтыс болды. Оның екеуі - жасөспірім. Бүгін тағы да қайғылы оқиға тіркелді. Индер ауданы Индербор кентінде 15 жасар жасөспірім Жайық өзенінің тасуы салдарынан жиналған суға батып кетті. Жеткіншек су айдынына кеше күндіз достарымен бірге кетіп, оралмаған. Құтқарушылар оның денесін бүгін таңда судан шығарды. Жасөспірімдердің 170 см биіктіктегі жайылма суға шомылғандығы анықталды.
Маңғыстауда 4 жасар бала тұрғын үйдің екінші қабатынан құлап кетті. Оқиға Бейнеу ауданында болды. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалды. Қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Ал Ақтауда 12 жасар жеткіншек 3-4 метр биіктіктегі жартас соқпақтарынан құлап, ауыр жараланды.
Сәния Тарбахова, облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:Бізге жеткізілгенде жеткіншектің жағдайы өте ауыр болды. Жедел тексеріліп, ауруханаға жатқызылды. Мидың компьютерлік томографиясын жасадық. Жасөспірімге мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы диагнозы қойылды. Қазір жағдайы тұрақты.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқығының қорғалуына ата-ана жауапты,-дейді заңгер Серікқали Әлібеков. Өйткені, балаларды асырау, тәрбиелеуге қатысты міндеттерді дұрыс орындамай қараусыз қалдыруы, қоғамға қарсы істерге қайыршылыққа, қаңғыбастыққа, тіпті маскүнемдікке тартуы заң бойынша қылмыс болып саналады.
Серікқали Әлібеков, заңгер:Ең алдымен сақтық шараларын балалардың ата-аналары алуы керек. Себебі қалай болғанда да біреудің баласы үшін біреудің жауап бере қоюы қиын. Сондықтан негізгі міндет сол ата-анасына жүктеледі. Бала тәрбиесіне тиісті дәрежеде қарамау-ол бір жағынан қылмыстық жауаптылықты туғызатынын да ұмытпау керек.
Осы орайда тағы бір мысал-Түркістан облысы Сарыағаш ауданында болған қайғылы оқиға ата-аналарға ескерту болуы тиіс. Денесі көрші үйдің әжетханасынан табылған 3 жасар Асылымның тағдырын қайталамау үшін, ересектер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Төтенше жағдайлар мамандарының да пікірі осыған саяды. Құтқарушылар жазғы демалыс уақытында балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Аягөз Оралбайқызы