Алдағы оқу жылынан бастап Сингапурға қазақстандық зерттеушілер көптеп жіберіле бастайды. Олар өркениет биігінен көрінген озық елде инфрақұрылым, көлік, логистика, су ресурстары салаларындағы білімдерін жетілдіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні ректорлар форумы өтіп, ғылым, білім саласында бірнеше келісімге қол қойылды. Әрі Мемлекет басшысы дәріс оқып, маңызды мәлімдемелер жасады.
Сингапур лекциясы. Бұл осы арал-мемлекетте 1980 жылдардан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәріс. Оны сингапурлық саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін президенттер, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер оқиды. Бүгін сол Сингапур лекциясын 46-шы болып президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқыды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз.
Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету атты дәрісте президент геосаяси ахуалдың ушығып, жаһандық қауіпсіздікке қауіп төніп тұрғанын айтты. Державалар арасында сенімсіздік, текетірес үдеп барады. Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын деді. Сондықтан тұрақтылықты, татулықты сақтау ісінде Сингапурды күш біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін.
Мемлекет басшысының бұлай деуі бекер емес. Былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұдан бөлек, дәрісте президент Қазақстанның саяси ұстынымына қатысты пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал.
Бір сағатқа созылған дәрісті Сингапурдың саясаткерлерінен бастап студенттеріне дейін тыңдады.
Ли Конг Ли, саяси сарапшы:Менің байқағаным, президенттеріңіз елді дамыту жағын үнемі ойлап жүреді. Жас кезінен ел үшін қызмет етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Сингапурды жақындату жолында ойлағыны көп. Бүгін соның бәрін өз аузынан естідім. Меніңше бұл ойлар жүзеге асатын күн алыс емес.
Исак Вонг, Сингапур ұлттық университетінің студенті:Президенттеріңіздің дәрісін қызығушылықпен тыңдадым. Оны өте ақылды, парасатты деп ойлаймын. Қазақстан жайлы, оның аймақтағы рөлі жайлы да көп мағлұмат алдым.
Сингапур - ғылым мен білімнің қаласы. Өркениетті елден үйренеріміз көп. Әсіресе кадр даярлау тәжірибесі қажет-ақ. Сондықтан сапар аясында лекциядан бөлек, Ректорлар форумы ұйымдастырылды. Сингапурдың оқу жүйесін жетік білу үшін 20-ға жуық ректор, проректор осында келді.
Ерлан Сыдықов, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:Сингапурмен бізде өкінішке орай жоғары оқу орындарымен ғылым саласындағы байланыс көңілден шығатындай болған жоқ. Міне мемлекет басшысының осы сапарының аясында осы мәселеге үлкен көңіл бөлінетін шығар деген ойдамыз.
Иә, көңіл бөлінді. Форумға президент те қатысып, кейін үш маңызды құжат бекітілді. Оған сай енді Сингапурға Болашақ бағдарламасы арқылы көбірек студенттер оқуға барады. Әрі Сингапур су саласына қажетті мамандарды оқытып қана қоймай, Қазақстанда институт ашуға атсалысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Әлі де көптеген қазақстандық студент сіздердің ғажап еліңізде тәжірибе алмасу, білім алу мүмкіндігіне ие боларына сенімдімін. Жыл сайын біз зерттеу жұмыстарын жүргізуге 500 стипендия бөлеміз. Сингапурға келетін қазақстандық ғалымдар санының көбейе түскенін қалаймыз. Білім мен ғылым – прогресс пен инновацияның негізі. Осы салаларға көңіл бөле отырып, біз еліміздің болашағына инвестиция саламыз.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:Өздеріңізге мәлім Сингапур су қауіпсіздігі, суды тазарту, су технологиялары, су ресурстарын басқару салаларында дүниежүзінде алғашқы қатарларда. Сондықтан осы тәжірибені, зерттеуші тәжірибені, технологияларды Қазақстанға әкелетін боламыз. Қазақстанда қазір Президенттің жарлығымен жаңа институт құрылмақ. Ұлттық су шаруашылығы және ирригация институты.
Сапар соңында Мемлекет басшысы Сингапурдың үшінші Премьер-министрі, аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Тараптар сауда-экономика, инвестиция, қаржы, көлік-логистика және гуманитарлық салалардағы серіктестікті арттыру жайын талқылады. Ли Сянь Лунның айтуынша, Сингапур Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниетті.
Досжан Маратұлы, тілші:Осылайша президенттің Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары тәмәм. Табысты келісімдер мен уағдаластықтар аз емес. Бас аяғы 20-ға жуық құжатқа қол қойылды. Ендігі басты міндет соларды жүзеге асыру. Сарапшылар бұл екі ел арасында ғана емес, Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен ықпалдастығын арттыра түседі дейді.
Досжан Маратұлы