«Шетелде 90 мыңға жуық қазақстандық еңбек етеді. Олар нәпақа тауып қана қоймай, ел экономикасына өзіндік үлесін қосып жатыр. Сондықтан олардың құқығын қорғау керек».
Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысына қатысқан кәсіпкер Сырымбек Тау осындай ұсыныс айтты. Оның сөзінше, өзге мемлекетте еңбек етіп жүрген отандастырымыздың құқығы тиісті деңгейде қорғалмаған. Яғни, олардың басым бөлігі заңсыз жұмыс істеп жатыр.
Сырымбек Тау, кәсіпкер, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Мен соңғы рет Кореяда болғанымда бір-екі адам шағым түсірді. Оларды заңсыз мигрант болғандықтан жалақымызды ала алмай қалатын кездер болады немесе бермей жұмыстан шығарып жібереді. Я болмаса сол елдің полицейлерін шақырып ұстатып жібереді деді. Сол мемлекеттегі елшіліктермен бірлесе мигранттарды заңды жіберуіміз керек.
Көтерілген мәселелер үкіметаралық комиссияларда қаралады
Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстарында 70-ке жуық түрлі сала өкілдері 100-ден астам ұсыныс пен бастама көтерді. «Олардың әйрқайсысы жіті талқыланып, алдағы уақытта үкіметаралық комиссияларда қаралады», - деді Сенат депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай. Ол келелі жиынды далалық Парламентке теңеп, үлкен диалог алаңы іспесттес деді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары:
Ұсыныстар мен мәселелер жинақталып, Үкіметаралық арнайы комиссияларда қаралып, нақты шешімге айналуына, әрі қарай жол картасы секілді жүзеге асады. Біреуі жол картасына айналса, біреуі бағдарлама, заң, тұжырымдама ретінде өмірге келіп жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес