Балаларды қорқытып, кибербуллинг жасайтындар қомақты айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаларды қорқытып, кибербуллинг жасайтындар қомақты айыппұл төлейді

21.02.2024

Мәжіліс депутаттары педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыратын заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ суицидке итермелегендерді 5 жылдан 9 жылға дейін темір торға тоғыту ұсынылды. Ал суицидті насихаттағандарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Кәмелетке толмаған балаларды қорқытып-үркітіп, кибербуллинг жасайтындар да қомақты айыппұл төлейді. Бүгін мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендер 740 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаңа мерзімі қысқартылмайды. Жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Оған қоса балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайтын болады.

Елімізде отбасы институты нығайтылады. Осыған сәйкес, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттары бекітіледі. Сондай-ақ, мүгедек балалар тәрбиеленетін ұйымдарға талап күшейеді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Резонансты оқиғалар болды. Бала өліміне қатысты оқиғалар болды. Соны болдырмас үшін, біз арнайы хабарламасыз, ескертусіз жалпы мемлекеттік бақылауды ұсынып отырмыз. Барлық медициналық ұйымдарға, интернаттық ұйымдарға, лагерьлерге міндетті лицензия енгізуді осы нормамен қарастырып отырмыз.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу