Президент сапары: 10 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сапары: 10 құжатқа қол қойылды

02.12.2023

Араб Әмірліктерінің компаниясы Қазақстанда қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дубайға сапары аясында тараптар осындай үкіметаралық құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның 28-ші конференциясы шеңберінде бірнеше бизнес өкілімен кездесу өткізген. Нәтижесінде тағы қандай келісімдерге қол жеткізілді? Дубайдан әріптесім Данияр Қайыртай жалғастырады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазір бұл жерде Президенттің қатысуымен 10 түрлі құжатқа қол қойылады. Оның ішінде үкіметаралық және коммерциялық құжаттар бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен БАӘ Инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді. Тараптар Қазақстан аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі меморандум бойынша пікір алмасты. Әрі 1 гигаваттық жел электр станциясы бойынша келісімнің маңыздылығын талқылады.

Мәриям Әлмазруи, MASDAR компаниясының бизнес және инвестиция жөніндегі аға менеджері:

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері үшін, әсіресе MASDAR энергетикалық компаниясы үшін стратегиялық ел саналады. Бүгін біз Қазақстан Үкіметімен келісімге қол қойдық. Бұл жоба елдеріңіздің электр жүйесін күшейте түседі.

Жаңартылатын энергия көздері бойынша қол жеткізілген келісім бұл ғана емес. Халықаралық компаниялар Қазақстанда тағы екі жел электр станциясын салады. Бірі – Жамбыл облысында. Оның қуаты 1,5 ГВт болмақ. Жарты гигаваттық тағы бір станцияның құрылысы солтүстік аймақтардың бірінде жүреді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Біз Қазақстанда 3 гвт ЖЭС салатын боламыз. Бұл шара бір жағынан біздің ұлттық электр жүйемізді күшейтеді, басқа жағынан көмірсутек бейтараптығына тиісті үлес қосады.

Тағы бір келісім Ақтау және Құрық порттарын Каспий теңізіндегі басты хабқа айналдыруды көздейді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Әмірлік компаниясы АД портс ҚТЖ және ҚМГ-мен келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшартқа сәйкес ҚТЖ олармен ашық теңізде, ашық мұхитта біздің жүкті тасымалдайды. Ал ҚМГ-мен бірге АД портс Каспий жағалауында кемелер құрайтын зауыт ашатын болады.

Бұдан басқа стратегиялық келісімге сәйкес Арабтың Пресайт компаниясы QazaqGaz және «Қазақстан темір жолы» компанияларында жасанды интеллект технологияларын енгізетін болды.

Мемлекет басшысы ACWA Power компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунайянмен де кездесті. Аталмыш компания Қазақстандағы жел электр станциясының құрылысына 1,8 млрд доллар инвестиция құймақ. Президент бұл бастама Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болу ниетіне сай келетінін айтты. Ал коммерциялық құжаттың бірі Қазақстанда орман өсіруге 10 млн доллар инвестиция тартуды көздейді.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:

Біз экологиялық жобаларға баса мән беріп отырмыз. Бүгін халықаралық Сэйфис атты компания мен қазақстандық орман өсіруші компания офтейк-келісімшартқа қол қойды. Енді отандық компания орман өсірсе, көміртек бірлігі халықаралық стандарт бойынша есептеледі де шет елге сатылады.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Әмірліктердегі холдингпен табиғи уран концентраттарын тасымалдау туралы келісімге қол қойды.

Данияр Қайыртай  


Хабарламаларға жазылу