Бірқатар өңірде ауа райы құбылып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар өңірде ауа райы құбылып тұр

22.11.2023

Қолайсыз ауа-райы өзге өңір тұрғындарын да әбігерге салды. Кейбір аймақтарда қар жауып боран соқса, енді бірінде дауылды жел басылмай тұр.

Ақмола облысында жаңбырдың соңы көктайғаққа ұласып, көлік қозғалысы қиындады. 15-20 метр секунд жылдамдықпен жел соғып тұр. Сондықтан, аймақта бірнеше ауданда оқушылар қашықтан оқуға көшірілді. Ал Маңғыстау мен Атырау облыстарында желдің жылдамдығы 25-28 метр секундқа дейін жеткен. Дауылды ескерту жарияланып, білім беру ұйымдарының басым бөлігі онлайн оқу жүйесіне ауысты. Қостанай облысында да, көктайғақ болып, барлық мектептер мен колледждер қашықтан білім алды. 13 бағытта автомобиль жолдары жабылды. Коммуналдық сала қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қайыржан Бәженов, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының сектор басшысы:

Көшені күні-түні сыпырып жатыр. Түні бойы құм мен тұз араласқан қоспаны жолдарға, тротуарларға төгіп жатырмыз. 60 сыпыратын техника, құм аралас тұз төгетін 16 техника жүр.

Солтүстік Қазақстан облысында болса, боранның салдарынан жарықсыз қалған 25 ауылға әлі электр қуаты берілген жоқ. Себебі, толассыз жауған жаңбыр, апатты жою жұмыстарына кедергі келтіруде. Павлодар өңірінде дауылдың салдарынан электр сымдары үзілген 2 ауыл әлі жарықсыз отыр. Ал Батыс Қазақстан облысында ақ түтек боранның салдарынан, 7 ауылда электр желісі үзілді. 6 тасжол жабылды. Бірқатар рейс тоқтады. Қала көшелерінде көлік апаты көбейіп, қозғалыс қиындаған.

Рауан Қайырғалиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

Қатты боранның және жылдамдығы 25-28 м/с құрайтын күшті желдің салдарынан облысымыз бойынша автомобиль жолдарында жол қозғалысы жабылуда. Облыс бойынша Жаңақала және Тасқала аудандарында 7 елді мекенде электр қуаты айырылып, 5155 абонент электр жарығынсыз қалды.

Хабарламаларға жазылу