Түркістанда «Шахмат керуені» жобасының финалы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда «Шахмат керуені» жобасының финалы өтті

11.11.2023

«Шахмат керуені» республикалық жобасының жеңімпаздары Түркістанда анықталды. Екі ай бұрын Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен басталған турнирдің гранд-финалы рухани шаһарда жалауын көтерді. Керуен осы уақыт аралығында еліміздің 18 аймағында әуесқойлар арасында блиц-турнир өткізіп, жартылай финалдың үздіктерін іріктеді.

Шахмат додасының финалына 60 үздік ойыншы қатысып, бағын сынады. Ең жасы 8-де болса, үлкені 60-тан асқан. Елімізде шахматты дамыту мен аудан-ауылдарда ақыл-ой мектебін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жобаның жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алған ойыншы 5 млн теңге жеңіп алса, екінші орынға – 2,5 млн, үшінші орын алған спортшыға– 1 млн теңге табысталды. Сондай-ақ, әйелдер, жасөспірімдер мен ардагер ойыншыларға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етілді.

Марат Есенов, ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті:

Негізгі мақсатымыз – тұтас елде, түкпірлердегі ауылдарда осындай таланттарымыз бар. Байқасаңыздар, бүгінгі қатысушылардың, финалистердің көпшілігі жастар. Ол бізді қуантады. Келесі жылы да осындай жарыстарды жалғастыруды ойластырып жатырмыз.

Айнұр ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ


Түркістан шахмат шахмат керуені спорт

Хабарламаларға жазылу