Президент жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды

26.10.2023

Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуы тиіс. Бүгін жер жәннаты аталған аймаққа сапарлап барған президент саланы дамытуға ерекше назар аудару керектігін айтты. Әрі мәдени, туристік, өндірістік нысандарды аралап, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты.

Мемлекет басшысының Жетісуға жасаған сапары Кербұлақ ауданынан басталды. Осындағы Шаңқанай ауылында Шоқан Уәлиханов жай тапқан. Президент көрнекті ғалым, ағартушы, этнографтың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнда әдейілеп келуі бекер емес. Бұған дейін өңірге жасаған сапарларының бірінде Шоқанның есімін әлемдік деңгейде дәріптеуді тапсырған еді. Биыл Уәлихановтың музейі күрделі жөндеуден өтті. Жол салынды. Мемлекет басшысы мемориалдық кешенді аралап, ағартушының зерттеу жұмыстарымен жақсы таныс екенін айтты.

Марал Рахатова, Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музей меңгерушісі:

338 млн теңге қаражат жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары өтті. Осы шілде айының басынан басталды. Цифрлық технологиялармен жабдықталып, ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, конференц залымыз бар. Қазіргі заман талабына сай технологиялармен жабдықталды.

1985 жылы ғалымның 150 жылдығына орай тұрғызылған мұражай қазір заман талабына сай. Сәулеті де ерекше. Ішінде Шоқанның құжаттары, киген киімі, таққан белдігі, қолданған ыдыстарына дейін бар. Жүріп өткен сапары үлкен көлемде бейнеленген. Олардың бәрін аралап көрген президент музейдегі жәдігерлерді толықтыруды тапсырып, құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды.

«Алтынемел» мемориалдық кешенінде Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ туризмінің даму барысымен де танысты. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша соңғы үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бірақ тас-талқаны шыққан жолдар туристердің жүріп тұруына кесірін тигізіп жатыр. Президент жұмысты жеделдету керек деді.

Жол тақтайдан болса, туризмге серпін берері сөзсіз. Ал президент бұл салаға ерекше мән беруді тапсырды. Оны түлету үшін 30 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор.

Ал аймақ халқының саны қазір 700 мыңға таяп қалды. Десе де облыс орталығына қоныс аударушылар көп. Сондықтан Талдықорғанда құрылыс қарқын алған. Жыл басынан бері 200 мың шаршы метрдей тұрғын үй пайдалануға берілді. Бірақ баспана әлі жетіспейді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қазір өңірде 30 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның жартысы, яғни 15 мыңы Талдықорғанда. Міне, мынадай қарқынды жүріп жатқан тұрғын үй құрылысы бұл мәселені шешуге сеп болмақ.

Бірақ шаршы метр бағасының шарықтауына жол бермеу керек. Ол үшін президент отандық құрылыс материалдарының үлесін арттыру қажеттігін айтқан. Аймақта бұл бағытта көрсеткіш жаман емес. Мәселен мына цемент зауыты Жетісу мен Алматы облысын қамтып отыр. Жылына 1,5 млн тонна өнім шығарады. Кәсіпорынды президент аралап көріп, өндірісті арттыруды тапсырды. Әрі Жетісу жұртының әл-ауқатын көтеріп, жұмыссыздықпен күресу басым бағыттардың бірі болуы керек.

Досжан Маратұлы

жетісуоблысы

Хабарламаларға жазылу