Алматы облысында Республика күні кеңінен тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында Республика күні кеңінен тойланды

26.10.2023

Алматы облысында Республика күні 20 отбасы қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, жаңа спорт кешені мен кітапхана ашылды. Ұлттық мерекеге орай Іле ауданында Өтеген батыр ауылына биіктігі 40 метрлік ту тігіліп, концерт ұйымдастырылды.

Алматы облысының доноры, экономикалық тірегі – Іле ауданы мемлекеттік мерекелерді әрдайым кең көлемде атап өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қайта жаңғырған Республика күні де ерекше сән-салтанатымен тойланды. Айтулы датаға орай аудан орталығы Өтеген батыр ауылында биіктігі 40 метрлік ту тігіліп, көкте желбіреді.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Мемлекет басшысы бастаған дәстүр бойынша биыл да ұлттық мейрам мемлекеттік туды көтеру рәсімі ұйымдастырылып отыр. Бұл айрықша оқиғаларда өтетін салтанатты шара. Халқымыз үшін азаттықтан ардақты, байрақтан биік құндылық жоқ. Көк туымызды биікте желбірету бұл біздің қасиетті парызымыз, азаматтық борышымыз.

Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырған мерекелік шараға жергілікті тұрғындар мен облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар, қоғам қайраткерлері қатысып, әнұран шырқады. Ал облыстың түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Әмзе Исаев, ауыл тұрғыны:

Республика күнінің маңызы өте ерекше. Бұл басқа мейрамдардан ерекше, тәуелсіздігімізді көрсетіп тұр. Президентіміз Қ.Тоқаев былтырдан бері осы мейрамды қосты. Соған халық қуанып жатыр. жақсылық болсын.

Республика күні облыс көлемінде тойланды. Талғар ауданында «Qanat» спорт кешені қолданысқа беріліп, Күндала ауылында жаңа кітапхана ашылды. Ал, Кеген ауданынының тұрғындарына 20 пәтердің кілті табысталды. Жамбыл ауданында аламан бәйге ұйымдастырылды. Жалпы мерекелік шараларға облыс бойынша 75 мың адам қатысты.

Нұрсұлтан Тілектес


Алматы облысы

Хабарламаларға жазылу