2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жол жөнделуі тиіс - Мемлекет басшысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жол жөнделуі тиіс - Мемлекет басшысы

19.10.2023

2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жол жөнделуі тиіс. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында осындай тапсырма жүктеді. Себебі, жол құрылысы саласында мәселе көп. Сапа сын көтермейді. Мәселен, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолының Ақтөбе облысындағы бөлігінің әбден тозығы жеткен. Дегенмен, көлік жүргізушілерінің жол азабынан құтылатын күні алыс емес. 2025 жылға қарай облыс орталығынан Әйтеке би ауданының Ұлғайсын елді мекенініне дейін 262 шақырым 4 жолақты жол салынады.

Бекболат Нұрашев, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Қазан, қараша айында сараптамадан толық өткеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау бойынша қолға алынып жатыр. Биылғы жылы екі участок реконструкцияға беріледі. Болашақта 7 участоктің бәрін іске асыратын болсақ, бұл жол деген үлкен жаңалық болатын болады.

Облыста аудандық маңыздағы жолдар да назардан тыс қалмайды. Мәселен, қазірдің өзінде Әйтеке би ауданында Қарабұтақ пен Ақкөл ауылдарын қосатын 32 шақырымдық жол салынды. Сондай-ақ, Жүргенов ауылынан Сарат елді мекеніне дейінгі көтерме жолға асфальт жамылғысы төселіп жатыр. Аудан орталығынан қиыршық тас шығаратын зауыт салынды. Мұнда 50 адам еңбек етеді.

Әлібек Әбуов, Серіктестік басшысы:

Күніне мың тоннадай шығарады. Асфальт зауыты 1200 тонна шығарады. Қазір Саратқа қарай 48 км жол салып жатырмыз. Өндірістің қуаттылығын ұлғайтып, осы төңірекке және басқа да аудандық маңызы бар жолдарға атсалысып, қиыршық тастар өндірсек пе деген ниетіміз бар.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу