Қазақстанда рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл өсуі мүмкін. Бұл жөнінде үкімет басшысы Әлихан Смайылов тапсырма берді. Өйткені елдімекендердің барлығын қоқыс басып барады.
Былтыр ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша елде 5,6 мыңнан астам стихиялық қоқыс үйінділері анықталды. Ал, биыл жарты жылдың ішінде 5,5 мың рұқсат етілмеген қоқыс орны табылған. Белгіленбеген жерге қалдық төккен 63 мың адамға айыппұл салынған. Осыдан-ақ, айыппұлдың тым арзан екенін көруімізге болады. Ал жаңадан құрылған экология министрлігі қала маңдарына заман талабына сай полигон саламыз деп отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
50 мыңға дейін адамы бар елдімекен үшін техникалық экономикалық негіздемені қажет етпейтін жаңа полигон салу бойынша мәселе шешілді. Бұл бюджет қаражатын үнемдеп қатты тұрмыстық қалдықтар құрылысының мерзімін қысқартады.
Полигон салынғанымен, ол көп ұзамай қайта толатыны анық. Себебі бізде жыл сайын шығатын 4,5 млн тонна қатты қалдықтың тек 25-27 пайызы ғана қайта өңделеді. Өзгесі өртеледі немесе әкімдіктер көму үшін жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Қазақстанда бүгінге дейін бірде бір заманауи қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылмаған. Сондықтан Әлихан Смайылов үкімет мүшелеріне мынадай тапсырма берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Әкімдіктер осы жылдың соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есе қысқартуы керек. Экология министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізуді қамтамасыз етуі керек.
Әлихан Смайылов әлемдік тәжірибені мысалға келтірді. Еуропалықтар қалдықтарының тең жартысын қайта өңдесе Швеция қоқысының 99 пайызын кәдеге жаратып отыр. «Бізде қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру үшін балабақшадан бастап университеттің де оқу бағдарламасына енгізу керек», - деді ол.
Оңғар Алпысбайұлы