Қызылорда облысында білім беру ұйымдары тексерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында білім беру ұйымдары тексерілді

27.04.2023

Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының қаржылық кіріс-шығыстары жіті тексеріледі. Бүгінде білім саласында сыбайлас-жемқорлықтың алдын алу бағытында қатаң шаралар қабылданып жатыр. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев өңір педагогтарымен кездесіп, өзекті мәселені талқыға салды. Жыл сайын аймақ бюджетінің тең жартысы білім саласына бағытталады. Бірақ бөлінген қыруар қаржының мақсатты игерілуі күмән тудырып отыр. Облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия білім беру ұйымдарына ішкі талдау жүргізіп, 87 миллион теңге негізсіз жұмсалғанын анықтады. Заңбұзушылықтарға жол берген 32 тұлға тәртіптік шараға тартылып, 3 мектеп директоры мен 5 есепші жұмыстан босатылды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Білім ұйымдарында қаражаттың негізссіз пайдалану фактілерімен рәсімдік сипаттағы кемшіліктерді жою, оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында арнайы жоспар әзірленіп, бақылауды күшейту тапсырылды.

Алқалы жиында білім саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, Ғани Бисембаевқа бірқатар ұсыныстар жеткізілді. Мұнан соң, ағарту министрі Жаңақорған ауданындағы білім ордаларының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, ауыл мектебіне су жаңа автобус табыстау рәсіміне қатысып, аймақ үшін жағымды жаңалығымен бөлісті.

Ғани Бисембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Қазір мониторинг жүріп жатыр ғой. Алғашқы есеп бойынша Қызылорда алғашқы орынға шығып отыр дейді. Құтты болсын!

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Қарт Қаратау етегінде орналасқан «Талдысу» қосымша білім беру орталығына барды. Мұнда жыл бойы облыстың озат оқушылары білімін жетілдіріп, табиғат аясында тынығады. Алдағы уақытта орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланып отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу