Ақтауда дәрігерлердің өзі медициналық көмекке мұқтаж. Ақ халаттылар астан уланған мейрамханада мерзімі өткен 200 келіден астам азық-түлік анықталды. Сондай-ақ, 20 қызметкердің санитарлық кітапшасы жалған болып шықты. Ал 7 жұмысшыдан стафилококк инфекциясы табылған. Айта кетейін, жуырда мейрамханалардың бірінде медицина қызметкерлері ауыз ашарда бас қосып, жаппай астан уланып қалған болатын. Соның салдарынан 16 дәрігер ауруханаға түсті. Олар бірнеше күн ем алып, үйлеріне шығарылған. Осы оқиғадан кейін мамандар тексеру жүргізіп, мейрамханада санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын анықтады. Әкімшілік шара қолдану үшін, тексеру қорытындысы полиция басқармасына жолданған.
Бердібек Саралтаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы
Holliday in Restaurant мейрамханасының асханасын тексердік. Тамақ құрамынан ішек ауруларын тудыратын қоздырғыштар анықталды. Онымен қатар сол асхананы тексеру барысында 73 түрлі азық-түліктің сақталу мерзімі көрсетілмей сақталғаны жөнінде кемшіліктер анықталып, оны біз арнайы комиссия құрып жойдық.
Аягөз Оралбайқызы