Шымкентте астан ұшынған балалардың тамақ ішкен ыдыстарынан ішек таяқшаларының бактериялары табылды. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада республикалық олимпидадаға қатысқан оқушылардың ішінде 14 бала тамақтан уланып, ауруханаға түскен болатын. Алайда санитар дәрігерлер балалардың нақты қандай астан және қай жерде уланғанын дәлелдей алмай отыр. Өйткені, оқушыларға үш мезгіл тамақ әзірлеген кәсіпкер ережеге бағынбай сол күнгі тамақтан ешнәре қалдырмай төгіп тастаған. Заң бойынша оның азғана бөлігі бір тәулікке дейін сақталуы тиіс болатын. Ең сорақысы білім сайысын ұйымдастырғандар оқушылардың тамақтануы бойынша санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат алмаған.
Алдарқұл Ахметов, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Кәсіпкерлік кодексіндегі өзгеріске байланысты ол мекемеге қарсы шара көре алмаймыз. Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру аша алмайыз. Бірақ осы кәсіпкердің қызметінде қылмыстық уәж бар-жоқтығы жөнінде аудандық полицияға хат жолданды.
Астан уланып, ауруханаға түскен оқушылардың барлығы өткен аптаның аяғында үйлеріне қайтты. Ал шешек шыққан шығысқазақтандық бір оқушы емін жалғастырып жатыр.
Ғани Қалмаханов