Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Анкараға жұмыс сапарымен барады. Мұнда ертең Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтеді деп жоспарланған. Бауырлас елдер басшыларының бас қосуында тарихи құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отыр. Әрі табиғи апаттарға қарсы тұрып, бір-біріне көмек көрсету жайы талқыланбақ.
Досжан Маратұлы, тілші:
Түркия астанасы Анкарада қазір қарбалас. Бауырлас ел Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитін өткізуге әзірленіп жатыр. Сондықтан ауқымды шара алдында қауіпсіздік күшейтіліп, жергілікті жандармдар қаланы қатаң бақылауға алған.
Кезектен тыс саммит мыңдаған адамның өмірін жалмаған зілзалаға байланысты ұйымдастырылып жатыр. Ол ертең өтеді. Оған кеңеске мүше Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия президенттері мен бақылаушы елдер Мажарстанның премьер-министрі және Түрікменстан халық мәслихатының төрағасы қатысады. Тараптар апат пен түрлі төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керек, бір-біріне қол ұшын беріп, гуманитарлық көмек жеткізу секілді мәселелерді талқылайды.
Месут Емре Каракөсе, Стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы:
Үлкен табиғи апаттар айталық, жер сілкінісі, сел, орман өрттері бола қалған жағдайда ұйымға мүше елдер бір-біріне қалай көмек көрсете алады? Мүмкін бір ортақ қор құру керек шығар? Жылдам бірлескен іс-әрекет қалай жүзеге асырылуы керек? Осы сұрақтар жіті талқыланатын болады.Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ деген қазақ аталарымыздың жақсы нақыл сөзі бар. Сондықтан алда болуы мүмкін табиғи апаттарға бәріміз дайын болуымыз керек.
Иә, өйткені апат айтып келмейді. Анадолыда болған жер сілкінісі соған дәлел. Бұл түркі әлеміне ортақ қайғы, қасірет. Оны бірігіп еңсеру үшін ұйымдастырылған кезектен тыс саммитке «Күшіміз бірлікте» деген ұранның таңдап алынуы да бекер емес.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ жиында тарихи құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отыр. Соның бірі түркі елдеріне ортақ арнайы инвестициялық қор құру бастамасына қатысты. Десе де, нақты шешімдер ертең қабылданады. Қазір түбі бір түркі елдерінің басшылары Анкараға жиналып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың борты да түнге жақын ұшып келмек. Саммитке дейін мемлекет басшысының Түркия президентімен екі жақты кездесуі жоспарланған.
Досжан Маратұлы