Бүгін дүйім қазақ халқы үшін айтулы күн. Өйткені осыдан тура 110 жыл бұрын Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қазақ баспасөзінің атасы «Қазақ» газеті жарық көрді. Басылым елдік сананың еңсесін түзеп, ұлт рухын оятуға талпынды.
1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген басылым өз алдымызға дербес, керегеміз кең, іргеміз берік ел болсақ деген ұлы мақсаттың жүгін арқалады. Қазақ халқының сол кезеңдегі жан жарасын емдеуге, төнген қауіптің бетін қайтаруға бел буа кірісті.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:
Басылым қазақ өміріне байланысты іргелі, фундаментальды мәселелерді көтерді. Оның шешімін айтты. Жобалы, жоспарлы жұмыстардың іске асуына бар күшін салды. Аяғына жеткізуге мүмкіндігі болды.
Бес жылда басылымның 266 саны жарыққа шықты. Десе де, халықтың санасын ояту жолында қыруар жұмыс атқарды. 8 мыңға жуық таралыммен шыққан газет Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қытай, тіпті, Түркияға дейін жетті.
Елдос Тоқтарбай, алаштанушы-ғалым:
12 дана, кей жерде 8 данасын Түркияға алдырып отырған. Қазір біз Түркияның Эрзурум қаласындағы, Стамбулдағы жаздырып алған абоненттердің кімдер екенін таптық. Олар - Түрік қоғамының зиялылары.
Саяси қысымнан жабылған басылымды белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев 88 жылдан соң қайта жаңғыртып, 2006 жылы «Қазақ» атауымен шығарды. Екінші тынысы ашылған газеттің кең таралуына, мазмұнды болуына барын салды.
Махмұд Нәлібаев, «Qazaq» газеті ақылдастар алқасының төрағасы:
Жаңа жобалар, әлеуметтік мәселелер көп көтеріледі. Тарихи мәселелер көп көтеріледі. Көлемді көп материалдар қойылып жүр. Сондықтан бұл газетті одан ары қарай өрбіту жөнінде жағдайлар жасалып жатыр.
Зерттеушілер қазір «Қазақ» газетінің 1913,1914, 1915 жылғы сандары ғана кириллицаға аударылып, кітап болып басылғанын айтады. Қалған сандары әлі шықпаған. Сондықтан «Қазақ» газеті оқырманның қолына толық жетпей отыр.
Қуан Нұрақын