Марокколықтардың жеңілісі Еуропа қалаларында үлкен тәртіпсіздіктерге түрткі болды. Ал Парижде үлкен қуаныш.
Францияның Ница қаласы мен Бельгия астанасында марокколық футбол фанаттары көшеге шығып, полициямен қақтығысты.
Брюссельде ашынған демонстранттар қауіпсіздік қызметкерлеріне отты шөлмек лақтырып, қоқыс жәшіктеріне өрт қойған. Оларды тарату үшін полицейлер су шашып, көзді жасаурататын газ қаруын қолданды.
Тағы бір айта кететін жайт, Франциядан жеңілмегенде, Марокко Әлем чемпионатына жолдама алған алғашқы африкалық мемлекет атанар еді. Алайда бұл елдің футболшылары көп техникалық қателік жіберіп, сол арманға жете алмады.
Уәлид Реграги, Марокко командасының бас жаттықтырушысы:
Мені өкіндірген бір жайт сол – олар голды ойынның басында салып, өздеріне сенімін күшейтіп алды. Біз болсақ, допқа ие бола алмай, бірінші таймда-ақ көптеген техникалық қателік жібердік. Екінші таймда ақылымыз кіріп, доптан аз рет қана айрылып, олардың жағдайын қиындатқандай едік. Дегенмен үшінші кезеңде батыл ойын көрсете алмаған сияқтымыз.
Ал бұл – Париж. Күн суыса да оның әйгілі Елисей алаңына сан мың адам жиналды. Дегенмен кейбір жерлерде марокколық фанаттар полициямен жанжалдасқанымен, мереке жалпы алғанда бейбіт өткен. Айта кетсек, Францияда марокколықтардың үлкен қауымдастығы тұрады. Олардың көбі – қос азаматтыққа ие.
Француз үкіметі тәртіпсіздіктерге жол бермеу үшін бүкіл ел аумағында көшелер мен алаңдарға қосымша 10 мыңдай қауіпсіздік қызметкерін шығарды. Соның 7 мыңнан астамы Париж бен оның айналасындағы аудандарды бақылауы керек.
Фабрис Ганна, Франция командасының жанкүйері:
Бұл – ұлы оқиға болады, егер Франция Әлем чемпионатында жеңіске жетсе. Екінші рет, сирек жағдай. Ал командамыздың бас тренері Дидье Дешамның аты аңызға айналайын деп тұр.
Таяу Шығыстағы көңіл-күй мүлде басқаша. Марокко құрамасы жеңілгеннен кейін Газада, Каирде, Алжирде қуаныштан түңіліс басым болып тұр. Дегенмен Футболдан Әлем чемпионаты алғаш рет араб елінде өтіп жатыр. Оның үстіне марокколықтар араб дүниесінен ғана емес, Африкадан да ширек финалға бірінші болып шықты. Осының өзі көңілге медеу әрі үлкен мақтаныш.
Арыстан Рысбек