Өзін банкрот деп жариялаған азаматтар 5 жыл бойы қайта несие ала алмайды. Бүгін Қаржы вице-министрі жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасын таныстырды. Ержан Біржановтың айтуынша құжатта банкроттық жариялаудың үш түрі қарастырылып отыр.
Алғашқысы банкроттықты соттан тыс рәсімдеу. Бұған 4 миллион 900 мың теңгеге дейінгі қарызы бар және оны 1 жыл бойы төлей алмай жүрген азаматтар жүгіне алады. Ол үшін egov арқылы өтініш беру қажет. Әрі тұрақты табысы мен дүние-мүлкі болмауы шарт.
Екіншісі банкроттықты сот арқылы рәсімдеу. Бұл 4 миллион 900 мың теңгеден жоғары несиесі барларға қатысты. Өзін банкрот деп жариялау үшін мұндай азаматтар сотқа жүгінуі керек.
Ал үшінші рәсім несиені оңтайландыру. Мұның артықшылығы адам банкрот деп танылмайды. Сот арқылы берешегін 5 жылға созып, бөліп төлеу мүмкіндігін алады.
Айта кетерлігі банкроттық жариялағандар 5 жыл бойы қайта несие ала алмайды. Әрі қаржылық жағдайы 3 жыл бақылауда болады. Яғни табысын жасыруға жол берілмейді.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
Осы заңнаманы әзірлеген кезде біз қай елдерде қабылданғаны жайлы мәлімет алдық. Көп елдерде мұның оң, сол жақтары бар бұл заңнаманың. Сондықтан әзірлеген кезде біз халыққа пайдасы тиетін, ауыртпашылық келтірмейтін оң жақтарын көздеуге тырыстық. Осы нормаларды әзірлеп, қазіргі таңда Мәжіліске қаралуға өткізілді.
Яғни банкроттық туралы заң әлі қабылданған жоқ. Құжат Парламент қабырғасында талай талқылаудан өтіп, бекітіліп, кейін оған Президент қол қоюы керек. Сол кезде ғана қаржылық қиындыққа тап болғандар көмекке жүгіне алады. Жалпы мұндай заңды әзірлеуге азаматтардың қарызға белшеден батуы себеп. Мәселен бір жарым миллион клиент банк алдындағы қарызын тоқсан күннен кешіктіріп жіберген. Олардың берешегі 1 триллион 450 миллиард теңге. Тіпті банкке бес жылдан бері бір тиын да төлемеген 365 мың адам бар.
Досжан Маратұлы