Әлеуметтік желіде жұрт сайлау жайлы жаппай жазып жатыр. Азаматтар саяси дода туралы пікірлерін айтып, фото, видеоларымен бөлісуде. Бірқатарын тілшіміз шолып шықты.
Бұл сурет әлем желіде көптің ықыласына бөленіп жатыр. Ғасыр жасаған маңғыстаулық әже сайлау учаскесіне өзі барып, дауыс берген. Ал Жетісулық кейуана жүз жасаса да жадынан жаңылмапты.
Сайлаушылардың арасында соғыс ардагерлері де бар. Алуадин Орақов саяси додадан қалмайды. Жастарды бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін білуге шақырды.
Биыл облыс статусына ие болған Ұлытау жұрты да саяси шараға жаппай қатысып жатыр. Аймақ басшысы облыс ретінде алғаш сайлау өтіп жатқанын жазды.
Бүгін әсіресе жастар белсенді. Бұл азамат әскери борышын өтеп келген беті бірден сайлауға барыпты. Аналар да ел ертеңіне бей-жай қарамайды. Балалар болашағы үшін бәрі дауыс беріп жатқанға ұқсайды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да әлемжеліде дауыс берген фото, видеоларымен бөлісті. Олар барлық жағдай жасалғанын жеткізіп жатыр.
Асима Нұрбайқызы