Бір кем дүние. Бүгін қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның да туған күні. Биыл – Халық жазушысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қайсар мінезді қаламгердің 90 жылдығы. Қара сөздің зергері Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Алаштың асыл ұлы ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі бола білді.
Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл
Бар қазақтың бағына болар, сірә. Қашан да ақиқаттың алдаспаны болған Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық, зұлмат соғыс, репрессия кезеңінде өтті. Десе де, ауыр тағдыры теңдессіз, шоқтығы биік шығармаларға арқау болды.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:
Шындықтың шырақшысы Шерағаң үшін жазушылық пен журналистика қос қанат болды. 23 жасында тілші атанып, 26 жасында «Құрылысшы Дәк»" атты кітабын жазып шығады. Оның қаламынан кесек-кесек романдардан бөлек, адами құндылықтар хақында баяндайтын мазмұнды, мағыналы бірнеше әңгіме де туған. Елдің мұңын мұңдап, ақ сөйлеген аңыз тұлға тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, елді ілгерілету ісіне де зор үлес қосты.
Бексұлтан Нұржекеев, жазушы:
Нағыз халықтың ұлы. Нағыз мемлекеттің перзенті болатын. Қара қылды қақ жарып,қара тасты қақ жарып сөйлейтін адам еді ғой. Бұндай адамды мен көрген жоқпын. Кездестірген жоқпын.
Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі, баспасөзіміздің байрағы болған қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қай шығармасын алсақ та, өткір көзқарасы мен өжет болмысы айқын аңғарылады. Өрелі, ойлы оқырман үшін осының өзі өшпес мол мұра, ғасырларға жететін ғибратты дүние.
Жазира Оразқызы, Серік Селеубай