Осы аптада көпшілік күткен «жеңілдетілген автонесие» әйтеуір іске қосылды. Халық автосалондарға ағылып, абыр-сабыр болды. 20 мыңнан астам өтініш түскен. Өткен аптада да осы бағдарлама жайлы материал берген едік. Сол сюжеттегі кейіпкеріміз Диас Нұрақын фейсбукте былай деген екен: «Жазбайын десем де, жазғызасыңдар ғой өстіп. Жарнамасы жер жарған, басы дардай басталғанымен, аяғы қылдай болған 4 пайыздық автонесиенің тағы бір құйтырқылығы шығып жатыр. Ол КАСКО сақтандыру деген сылтау. Яғни, көлік алсаң міндетті түрде осы сақтандыру қатар жүреді екен. Оның бағасы удай. Мәселен, жылына шамамен 100-200 мың теңгеге жуықтайды. Демек, 7 жылға несие алсаңыз, 1 400 000 теңге төлеуіңіз керек. Бұл несие сомасына кірмейді. Сондықтан қолма-қол көлік алар кезде төлетеді. Алғашқы жарна жоқ, тесік қалтамен барып, салоннан су жаңа көлік мініп кетесің деген министрлердің кезекті ертегісі екен».
Бұдан бөлек, «көлікте онсыз да болуы тиіс қосалқы бөлшектерді де сатып алуға міндеттейді» деген шу шықты. Салондарда автомобиль де тапшы, - дейді жұрт. Бірақ жауапты тұлғалар мұны растамай отыр. Ал зауыттар мыңдаған көлік құрастырып, салондарға жедел жеткізуге уәде етті. Кімге сенеміз? Әлде газ қымбаттағанда «автобуспен жүрсін» деген шенеунік сияқты жөн сілтемегені үшін қуанайық па? Сәбит Әлдебайдың материалы.
4 пайыздық автонесиеге өтініш беруге келген көпшілік көлік таңдау үшін автосалонның маңына жиналды. Ондағылдар келушілерге кезекпен қызмет көрсетуде. Жұртшылық кейбір автосалондарда таңдауға көлік аз десе кейбірі көліктің құны жыл басындағы бағадан біршама көтерілгенін байқаған.
Досхан Арғынбаев, қала тұрғыны:
Маған қандай көлік бар наличий соны,10 млн ға дейін алғашқы жарна алғым келеді. Жалғыз мен емес бүкіл халық соны алғысы келеді. Таңдау жоқ па? Таңдау болғанда амал жоқ бізде. Киаға барсаң бір ай күтесің, хюндайға барсаң екі ай күтесің, жак китайский өте қымбат.
Алғаш болып «Банк ЦентрКредит»-тің автосалондардағы бөлімдері өтініш қабылдай бастады. Ал, бағдарламаға қатысатын «Халық банк», «Форте банк» және «Еуразиялық банк» келер аптада автосалондардағы жұмысын бастайды. Алдағы уақытта қаржы институттарының саны тағы көбеюі мүмкін.
Анар Мақашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті:
Екінші деңгейлі банктер тұтынушының несие тарихы мен төлем қабілетін тексергеннен кейін өтінімді мақұлдау не бас тарту туралы шешім шығарады. Ал шетел азаматтары бұл несиеден үміттене алмайды.
Елордалық Бекзат Тілеген жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы көлік алған алғашқы азамат. 16 мамырда автосалонға келіп, өтініш берген. Енді міне 6,5 млн теңгеге көлік сатып алып, 7 жылға несие рәсімдеді. Айына 83 мың теңге төлейді. Бұл - Бекзат мінген алғашқы су жаңа көлік.
Бекзат Тілеген, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Шынымды айтсам, өте жақсы бағдарлама. Менеджер төлемге шот берді. Сол арқылы банкке бардық. 3 күн күттік. Банк 3 күннен кейін өтінішімізді мақұлдап, бізді несие рәсімдеуге шақырды.
Бағдарлама басталған уақыттан бері бір аптаның өзінде 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қазірге дейін 4200-і мақұлданған. Центр кредит банкі арқылы 4 пайыздық несиемен Аида Қосаева да көлік мінді. Құны онсыз да шарықтап тұрған уақытта көлік алудың бұған дейін қолжетімсіз болғанын айтады. Жаңа автомобильге несиенің жоғары пайызы тағы қолбайлау.
Аида Қосаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Салондарда негізінен шынын айту керек 22 процент, 33 процент өте қымбат. Сол себептен көлік алуды ырысып тастап жүрдік. Негізі осы бағдарламаны күттік. Барлық адам өтініш берсе, ала алады деді. Шынымен, алдым. Өзім көптен бері машина алайын деп ойлап жүрдім. Ойыма жеттім, мақсатыма жеттім.
Қазір автосалондарда жеңілдетілген несие беру қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындардың өтінішін екінші деңгейлі 4 банк қабылдайды.
Гүлжаһан Хамитова, Центр кредит банкі филиал директорының міндетін атқарушы:
Ең бастысы зейнетақы жарнасы алты айда түсіп отыру керек. Барлық кредит тарихы тексеріледі. 4:48 Машина 13-14 млн болып жатса, әрине 3-4 млнды бастапқы жарна ретінде адамдар құяды. Қалғанын банктен несие арқылы алады.
Автонесиеге өтінім берушілер автосалондарда кейбір маркадағы көліктердің жоғын айтады. Ал, Қазақстан автобизнесі қауымдастығының вице-президенті қазіргі кезеңде елдегі бүкіл автосалондарда 7 мың отандық көлік бар деп мәлімдеді. Ал, Алматыдағы Hyundai көлігін шығаратын зауыт сұранысқа сай өндіріс көлемін екі есеге дейін арттырған.
Илья Рубцов, «Hyundai Транс Қазақстан» компаниясы техникалық директорының орынбасары:
Былтыр біздің зауыт 26 мың көлік құрастырып шығарса биыл саны 45 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол көліктердің басым бөлігі жеңілдетілген пайыздағы несиелеуге жіберіледі.
Шетел көлігін бастан аяқ құрастыратын өндіріс орыны қазір қосымша кешенді іске қосқан. Өндіріс көлеміне сай жұмыс күші де көбейген.
Қадірболат Василин, «Hyundai Транс Қазақстан» компаниясының желі шебері:
Екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Таңертеңгі сегізден түнгі бірге дейін. Мен ойлаймын алдағы уақытта қазақстандықтар осы автокөліктермен жүре алады деп ойлаймын. Бірақ уақыт керек. Себебі өндірістік процес болғаннан кейін бұл маңызды және жауапты жұмыс.
Автонесие беру кезінде автосалондар клиенттерді қосымша жабдық алуға міндеттеп жатыр деген де хабар тарады. Несиеге болса да темір тұлпарлы болдым деп қатты қуанған Нұрқанат Батшановты рәсімдеу барысында салон қызметкерлері кейбір жабдықтарды қосымша ақы төлеп алуға міндеттепті.
Нұрқанат Батшанов, қала тұрғыны:
Көліктің ішінде келетін аяқтың астындағы алдыңғы, артыңғы төсеніштерін олар бөлек сатуға тырысады. Негізі олар машинамен бірге зауыттан келетін нәрселер. Артқы су шашқыштарды да маған бөлек ұсынды. Мен салон қызметкерлерінен бірге жүрмей ме деп сұрағанымда, жоқ бірге жүрмейді, - деді.
Алматыдағы автосалон өкілдері мұндай жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласында тіркелгенін жасырмады. Бұл тұтынушы құқығын бұзу екенін әрбір тұрғын біліп жүруі тиіс.
Александр Абрамов, «Hyundai» компаниясының ресми өкілі:
Қосымша жабдықтарды алуға міндеттеуге тыйым салынады. Әсіресе көлікпен бірге келетін бөлшектер мен аксессуарларды бөлек сатуға жол берілмейді. Егер тұтынушылардың құқығы бұзылып жатса 7007 клиенттерді қолдау орталығына қоңырау шалып, шағымдана алады.
30 жылға жоспарланған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы кезекке көліктің VIN-коды арқылы тіркейді. Мұндай жеңілдік бір адамға екі жыл ішінде бір-ақ рет беріледі. Бұрынғы жеңілдетілген автонесие бағдарламасында бұндай талап болмаған. Енді автонесие тек салонда бар көліктерге ғана рәсімделеді. Егер таңдаған көлік сатылымда болмаса, өндіруші қашан жеткізілетінін айтуы тиіс. Мұндай жағдайда таңдаған көлікті бронға қойып, алдын ала сатып алу келісімшарты рәсімделеді.
Сәбит Әлдебай