Елімізде «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы іске асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы іске асады

07.05.2022

Елімізде «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы іске асады. Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Аймақтағы екі жылдан бері жүзеге асқан пилоттық жоба аясында іске қосылған бірақатар нысандарды аралап, нәтижесін саралап көрді. Тиімділігін толық дәлелдеген жоба енді республиканың барлық аймағында жүзеге аспақ. Кооператив мүшелерімен кездесіп, ауласында кәсіп ашқан тұрғындармен тілдескен вице-премьер осылай деді.

Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылында пилоттық жоба аясында құрылған кооперативтер қазір шаруасын дөңгелетіп отыр. Солардың бірі «Алмас» шаруа қожалығы тиімді жобадан шет қалмады. Мал шаруашылығын қолға алып, 7 бас жылқыны бордақылап отыр. Ауласында жеміс-жидек егістігі тағы бар. Көл-көсір табыстың дәмін татқан шаруа қолдау болса, тағы іс бастауға ниетті.

Алмас Рахымбердиев, кәсіпкер:

Өзім бұрыннан ет сатқанмын корпуста. Мал шаруашылығының бәрін беске білеміз. Қалай асырап бағуды. Сол ары қарай дамытып жатырмыз өсіріп міне. Жұмыс бар істеймін деген адамға ерінбей істуге болады.

Бүгінде бес бағыт бойынша тірлігін түлетіп отырған шаруашылықтардың табысы осы жобаның арқасында еселене түскен. Бастапқыда 11 ауылдық округ таңдалып алынса, қазір қызығушылық танытып, шаруасын ширатам деген жұрт көбейген. Ауылшаруашылығы кооперативінің 360 мүшесі ауыл сыртындағы 822 гектар жерден нәпақасын тауып отыр.

Мәлік Сейтқасымов, кооператив төрағасы:

Кооператив 2019 құрылып, 47 миллион теңге қаражат бөлінді. Сол несиеге ауылшаруашылығының арнайы 12 техникасы сатып алынды. Оның 50 пайызын, мемлекет тарапынан төленуде. Қалғанын істеген жұмыстарымыздың нәтижесімен төлеп жатырмыз.

Жамбыл өңіріне өзге аймақтардың атқарушы билік өкілдері де арнайы шақырылды. Мұндағы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған ілкімді істермен танысты. Тәжірибе алмасып, келісім жасасты.

Әлібек Жақанбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

Қазақстан бойынша осы бағдарламаны енгіземіз деп жатыр. Бұған енді біздің міндетіміз дұрыс түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдарлама беретін болсақ бұл үлкен қолдау болады ауыл халқына.

Бүгінде бір отбасының табысы шамамен 4 есеге артқан. Бір ауылда 200-ден астам кәсіп иесі бар. Олар екі жылдың ішінде алған несиенің 97 пайызын қайтарып үлгерген. Ауылға жылына қарастырылған қаражат 3 млрд теңге. «Тұрғындардың табысын арттыру жобасының тиімділігі екі жылда дәлелденді. Енді оны республиканың өзге өңірлеріне енгізуіміз керек» - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер- министрінің орынбасары:

Жамбыл облысындағы пилоттық жобаның арқасында 11 ауыл болған. Сондықтан осындай үлкен жобаны бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыруға осында келіп отырмыз. Болашақтағы негізгі мақсаты осы ауылдың жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған. Екіншіден ауыл азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Жалпы өңірдегі пилоттық жобаны толығымен аяқтау үшін 75 миллард теңгеден аса қаржы қажет. Бұл алдағы 2-3 жылдың жоспары. Ал, нақты нәтижесі : 75 мың адам кәсіп бастап, 8 мың тұрғын жұмыспен қамтылуы тиіс.

Н.Болатұлы


Хабарламаларға жазылу