Алматыда Қазақ Ұлттық өнер академиясында Камал Смайылов атындағы кинозал ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақ Ұлттық өнер академиясында Камал Смайылов атындағы кинозал ашылды

21.04.2022

Биыл белгілі жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия майталманы Камал Смайыловтың туғанына - 90 жыл. Қайраткердің есімін ұлықтау мақсатында Алматыда бірқатар шара өтті.

Қазақ Ұлттық өнер академиясында қайраткер атындағы кинозал ашылды. Сондай-ақ, жазушының әр жылдары түскен суреттерінен фото көрме ұйымдастырылды. Шараға Камал Смайыловтың досы Төрегелді Шарманов бастаған бір топ замандастары, шәкірттері мен студенттер қатысты.

Нәзира Елеухан, Камал Смайыловтың шәкірті:

Ол кісі «Қазақфильм» киностудиясын басқарған жылдары ол кісінің қолынан қазақ классикасына айналған айтулы фильмдер дүниеге келді. «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Тақиялы періште», «Көксерек» мұның барлығы қазақ киносына қалған үлкен қазына.

Сондай-ақ, жазушының мерейтойына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара аясында оқырманға Камал Сейітжанұлының қайта басылған кітаптары таныстырылды. Қайраткер қай қызметте жүрмесін өзінің жанкештілігімен әрі жаңашылдығымен танымал. Ол үш бірдей - Кинематографистер, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Өнертанушының 90 жылдығына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да телевизиялық «Жалын» жастар конкурсын жариялаған болатын.

Ғайнижамал Әбілдина, Камал Смайыловтың қарындасы:

Фильмдер, сюжеттер 30 сәуірге дейін қабылданады. Жас мөлшерін 30 жасқа дейін деп қойдық. Күзде студенттер мен жастардың кинофестивалі деп отырмыз. Сосын «Бастау» кинофестивалінің аясында бір күнді Камал Сейітжанұлына арнағалы отырмыз.


Хабарламаларға жазылу