Алматыда тәртіпсіздік кезінде дәрігерлер тәулік бойы операция жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тәртіпсіздік кезінде дәрігерлер тәулік бойы операция жасаған

27.01.2022

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың емдеу мекемесі ұжымымен кездесуінде айтылды. 4 қаңтар мен 10-ы аралығында аурухананың қабылдау бөліміне түрлі жарақатпен, оқ тиген және соққыға жығылғандар көп түскен. Емдеу мекемесіне барлығы 305 адам медициналық көмекке жүгінді. Барлық 9 операциялық бөлім тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, 259 операция жасалған. Шаһар басшысы қаңтар қасіреті кезінде аянбай еңбек еткен жедел жәрдем қызметкерлерімен де кездесіп, сол күндері жұмыс істегендерге материалдық көмек берілетінін айтты.

Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметі қажетті техникамен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Кәсіпкерлер есебінен орталыққа 16 жедел жәрдем көлігі сыйға берілді. Тәртіпсіздік кезінде бұл мекеменің 5 адамы зардап шегіп, түрлі дене жарақаттарын алды.

Еске салайық, бүлік кезінде 32 медициналық арнайы көлікке зақым келген болатын. 


Хабарламаларға жазылу