Венгрияда қазақтың ұлттық бұйымдарына сұраныс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венгрияда қазақтың ұлттық бұйымдарына сұраныс көп

12.11.2021

Венгрияда қазақтың қолөнер бұйымдарына сұраныс күннен-күнге артып келеді. Әшекей бұйымдарды, бағалы маталардан тігілген киім-кешектерді мажарлар осы уақытқа дейін Қазақстаннан тапсырыспен алдыртатын. Енді Будапешттен сатып алуға мүмкіндік туды. Он саусағынан өнері тамған қандасымыз мажарларға саф өнерді үйретіп, ұлттық бұйымдарды кеңінен насихаттап жүр.

Алматылық Сәуле Меденқызының Мажарстан астанасы Будапештте тұрғанына екі жыл. Тарихшы, этнограф жолдасын мажар ғалымдары бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырған соң осында қоныс аударған. Келген күннен қол қусырып отырмай, кесте тоқып, қолөнер бұйымдарын тігумен айналысады.

Cәуле Меденқызы, этнограф:

Шешемнен үйрендім бұл қолөнерді. Салт-дәстүріміз, қолөнеріміз кейінгі ұрпаққа қалсын деп, балаларға көрсетіп, сонымен шұғылданып отырмын. Әсіресе жат елде жүрген соң, жұрт көп қызықтайды. Оюын, оның тігілуі, оның қалай орналастырылуы соның бәрін қызықтайды.

«Төл өнерімізден ұлттық ұстын сезіліп, қазақтың исі аңқып тұруы тиіс» деген шебер бұйымдарының сәнді, сапалы шығуына барын салуда. Өз шәкірттерінен де ыждағаттылықты, ұқыптылықты талап етеді. Қазір киелі өнерді мажар жастарына үйретіп, тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.

Кота Макош, мажарстандық студент:

Менің осы кісіден сатып алған сөмкемді көргендердің бәрі қандай әдемі сөмке, қайдан алдың деп таңғалады. Бұл кісі хас шебер. Сондықтан қазір кесте тоқуды, тігуді үйреніп жүрмін. Қазақтың ою-өрнектері біздікіне қатты ұқсайды.

Ваш Иштван Кофвайн, мажарстандық студент:

Біз - бауырлас халықтармыз. Сондықтан ұлттық өнерді ұмытпауымыз керек. Бұл кісіге ежелгі көшпенді бабаларымыз киген ерлердің киімін тігіп беруге тапсырыс бердім. Ондай киімді кигенде ата-бабалармен сырласқандай сезімде боламын.

Көздің жауын алатын сөмке, әмиян, жібек орамалдар мен денсаулыққа пайдалы киізден тігілген аяқ киімдерді мажарстандықтар онлайн дүкеннен талап әкетіп жатыр. Сәуле Меденқызының ендігі көздегені - қазақтың қолөнер бұйымдарын сататын дүкенді Будапешттің қақ ортасынан ашып, сонда ата-баба мұрасын шетелдіктерге кеңінен дәріптеу.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу