24 қазанда Өзбекстанда Президент сайлауы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 қазанда Өзбекстанда Президент сайлауы өтеді

20.10.2021

Алдағы жексенбі Өзбекстанда кезекті Президент сайлауы өтеді. Саяси науқан конституциялық мерзімнен 2 ай ерте өтейін деп отыр. Президент сайлауын өткізу барысы мен дауыс беру процесін халықаралық ұйымдардың мыңдаған бақылаушылары мен шетелдік БАҚ өкілдері бақылайды. Біздің әріптесіміз Армангүл Тоқтамұрат та осы елде акредиттелген журналистер тізімінде. Ол қазір бізбен Ташкеннен тікелей байланысқа шығып, алғашқы ақпаратты жеткізуге әзір. 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Енді тура 4 күннен соң Орта Азияда өзіндік орны бар Өзбекстанда үлкен саяси дода өтеді. Көрші ел алтыншы рет Президентін сайлайды. Біз алдын ала қандай да бір болжам айтудан аулақпыз. Алайда бір анығы Президенттікке елдегі бес саяси партияның серкелері үміткер ретінде тіркелген. Олардың арасында елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған Шавкат Мирзиеевпен бірге, саяси аламанға екінші рет ат қосып отырған әйел заты да бар.

Сайлауды алыс-жақын шетелден келген елу елдің бақылаушыларымен қатар, жаһандық аренада ықпалды он шақты халықаралық ұйымның өкілдері бақыламақ. Арасында Қазақ елінен келген байқаушылар да бар. Ел астанасы Ташкенттен ақпарат тарату үшін 1600-ден астам тілші тіркелген. Олардың қатарында шетелдік әріптестеріміз өте көп. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш дейді ОСК өкілдері. 35 млн-ға жуық халқы бар Өзбекстанда 21 млн астам сайлаушы тіркелген. Оның 33 пайызы жастар. Ел аумағында 14 округтік сайлау комиссиясы құрылып, 10 760 дауыс беру учаскесі жасақталған. Ал, шетте жүрген өзбекстандықтар үшін жаһанның 49 елінде 55 стационарлық сайлау учаскесі және 316 жылжымалы сайлау пункттері жұмыс істемек. Елдегі сайлау учаскелері жексенбі күні таңғы 9-дан кешкі 8-де дейін жұмыс істейді. Дауыс берерден 6 сағат бұрын барлық учаскелер залалсыздандырылып, санитарлық талаптар қатаң сақталады. Әрі 200-ден астам сайлау учаскесіне бейнебақылау орнатылмақ. Ондағы көрініс ОСК-нің порталында және Өзбекстан-24 телеарнасы арқылы тікелей таратылады. ОСК-ның әр жиыны ашық өтеді. Бір сөзбен айтқанда, сайлаудың халықаралық стандарттар мен жариялылық принциптерге сай өтуіне барлық жағдай жасалған.

 Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Өзбекстан Конституциясына сай Мемлекет басшысы 5 жыл мерзімге сайланады. Соңғы рет елде сайлау 2016 жылдың 4 желтоқсанында өткен. Либерал -демократиялық партияның үміткері Шавкат Мирзиёевтің жеңіске жеткені белгілі. Оған халықтың 88 пайыздан астамы дауыс берді. Осы жолғы сайлауға қатысып жатқан үміткерлердің үгіт насихаты екі күннен кейін аяқталады. Алайда біз Ташкен көшелерінен үміткерлердің суреті мен саяси науқан ұрандарының самсап тұрғанын көре алмадық. Үгіт тақтайшалар тек электронды экрандарда ғана көрінеді. Сонымен қатар бүгін алдағы жексенбіде түрлі себептермен сайлауға қатыса алмайтын азаматтардың алдын-ала берген дауысы саналады. 

 Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу