Ақтөбеліктерді шалғын көбелек әлекке салып жатыр. Бұған дейін жұрт бау-бақшаны жайлаған құртпен алысып шаршаған еді. Қала ішін де жайлап алған зиянкестер адамдардың жүріп-тұруына қолайсыздық тудырып отыр. Ал, әкімдік өкілдері көбелектің зияны жоқ, тек құрттарын ғана улаймыз дейді.
Бұған дейін Ақтөбенің төрт ауданын жайлаған құрт шабындық жерлер мен бау-бақшаға орасан зиян келтірді. Көптеген бағбанның алажаздай бел жазбай еткен еңбегі еш кетті. Енді сол құрт көбелекке айналды.
Жақсыбек Кемал, тілші:Шалғын көбелегі даланы қойып, қала ішін де жайлап кетті. Тұрғындар жүріп-тұруымыз қиындады,есік-терезе ашудан қалдық деп шағымданып жатыр. Мәселен, мына үйдің кіреберісінде тұнып тұр.
Әсіресе, «Нұр ақтөбе» ауданында жағдай қиын.Тұрғындар далаға шығып серуендеуден қалған. Өйткені, қаптаған көбелек балалардың құлақ, мұрындарына, қойын-қонышына кіріп, жайсыздық тудырады.
Мамандардың айтуынша, шалғын көбелектер шамамен әр он жыл сайын көбейіп тұрады. Зиянкестер суық түскенде ғана тіршілігін жояды. Адамдар мен өсімдіктерге айтарлықтай зияны жоқ. Алайда,салған жұмыртқасы тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында құртқа айналады. Сол кезде шаруаларға қайтадан қиындық тудырады. Сондықтан, улау жұмыстарына қазірден бастап дайындық жүріп жатыр.
Асылхан Әбтиев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:Жеке тұрғындар болса, дезинфекция жасайтын организациялар арқылы улауға болады. Егер шаруашылықтар болса, қолданыстағы заңға сай шаруашылықтар міндетті түрде жерлерін құртқа қарсы химиялық өндеу жүргізу керек.
Шаруа қожалықтарына дәрілеу жұмыстарына 50 пайызға дейін субсидия төленеді. Ал,жекелеген тұрғындар өз қаржысына улауы тиіс.
Жақсыбек Кемал