ШҚО-да зауыт жұмысшылары 3 айдан бері жалақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да зауыт жұмысшылары 3 айдан бері жалақысын ала алмай жүр

02.08.2021

«Шығыс машина жасау» зауытының жұмысшылары 3 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Өскемендегі кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 60 миллион теңгеден асып жығылады. Облыстық еңбек инспекциясына осы зауыттағы жүздеген адамнан арыз-шағым түскен. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Бүгінде зауыт жұмысшыларының қолында еңбекақы мен зейнетақыға қатысты есеп жазылған құшақ-құшақ құжат жүр. Маңдай термен тапқан ақшаларын мамыр айынан бері алмаған. Кәсіпорындағы орташа жалақы небәрі 80 мың теңге. Бірақ, соның өзі уақытында төленбейді.

Алмасбек Қалибек, жұмысшы:
Үш ай болып қалды міне, ақша бермей отыр. Жұмыс жоқ. Бәріміз бос отырмыз. Міне, жаңа бастықтар жаңа жылдың алдында келген. Содан бері тек уәде беріп келеді. Жаңа жылдан бері айтып отырғаны ертең, ертең, күнде айтатыны ертең.

Кезінде бұл зауыттағы жұмысшылар саны 7 мыңға дейін жеткен. Ал қазір бар жоғы 400 адам қалған. Былтыр шаруасы шатқаяқтаған кәсіпорынның иесі ауысқан. Жаңа басшы телефонмен болған әңгімеде тапсырыстың жоғын алға тартты.

Жұмысшылардың пайымдауынша, зауыт басшылығы кәсіпорынды банкрот деп жариялауы мүмкін. Өйткені, жаңғыртуға қаржы мүлде салынбайды, инфрақұрылым да тозып барады дейді қызметкерлер.

Қайрат Әбілқайыров, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
60 миллион теңге, 366 кісінің алдында. Қазіргі таңда бізде ұжымдық арыздардың негізінде жоспарсыз тексеру өткізіледі. Сол тексеріс аяғында жұмыс берушіге нұсқама беріледі. Ол нұсқама егерде орындалмаса онда сот орындаушыға жіберіліп, бұл қаражат жұмысшылардың еңбек ақы берешегі өндіріледі.

Жалақы мәселесі сот орындаушылары арқылы шешілетін болса, бұл шаруа бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал жұмысшылар табан ақы, маңдай термен тапқан табысына тезірек қол жеткізгісі келеді. Өйткені еңбақы уақытында берілмеген соң, бәрі қарызға батқан.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу