Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

27.06.2021

Жаңа айтқанымыздай, Президент ауыл әкімдерін сайлауға байланысты жиын өткізді.

Сөзінен цитата: Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ.

Иә, алдағы тамыздан бастап жылдың соңына дейін Қазақстан тарихында бірінші рет ауылдық округ әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімі және кемі бір жыл мемлекеттік қызмет атқарған не болмаса мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат қатыса алады. Елде барлығы 836 ауылдық округ әкімін жергілікті халық төте дауыс беру жолымен сайламақ.

Сайлауда рушылдық факторы алға шығады, сонымен бірге аудан әкімі немесе жетекші партия ұсынған адам өтіп кетеді деген күмәнға толы әңгімелер айтылып жатыр. Сапалы ауыз суға әлі зар болып отырған, жолымен жүру мүмкін емес дерлік, жайылым тапшы ауылдарға әкім болуға талас туа ма екен? Сұрақты содан бастау керек шығар.

Сәуір айының соңында әкім сайлауының кейбір қырларын талдап материал бергенбіз. Соның мына тұсына тағы бір рет тоқталсақ- Алматы облысындағы Кеген ауданы Шырғанақ ауылдық округінің тұрғындары аудандық мәслихат депутаттары дауыс беріп, сайлаған, сайлаған деуге келсе, әкімге қарсы болған.

Роза Батырханова, ауыл тұрғыны: 
Оппозиция деген тарихта болған, болып жатыр, болады да. Өзіміздің әкімімізді қайтадан орнына отырғызсын. Үлкен глобальный жоспарларымыз бар, соны жүзеге асырайық. 

Айтқымыз келгені осы. Бейжай қарамау. Ұйытып, жұмылдыра алатын, мәселені өзі бағынатын бастыққа жалтақтамай айта алатын әкім сайлау. Оңғар Алпысбайұлының материалы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы Жолдауында көтерген. Бір жылға жетер-жетпес уақытта тиісті заң қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік.

Саяси науқан кезінде дәлірегі тамыз айынан жыл соңына дейін ауыл әкімдерінің 90 пайызы сайланады. Қазақстандықтардың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады десек, мемлекетіміздің тұрғындарының жартысына жуығы өте маңызды қадам жасағалы отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс. Мемлекет жаңашыл бастама көтеріп, қандай да бір ауқымды жобаны қолға алады. Бірақ түпкі нәтиже жұмыстың жергілікті жерлерде орындалу сапасына байланысты болады. Ауыл әкімдерін сайлау халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам.

Бұған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлаған. Қандай сайлау болғаны да түсінікті. Тағайындалған әкімнен бірнәрсе сұрау, талап ету босқа шаршаумен тең.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
Қазіргі кезде ауылда жарық сөніп қалса да немесе басқа да ұсақ-түйек мәселелер болса да оның барлығына тікелей кімді кіналайды? Астананы кіналайды. Себебі әкімдердің барлығы не істейді? Тағайындалады. Ал қазір сондай принцип келе жатыр мемлекеттік басқарудың ол әкімдерді халық өзі тікелей сайлау арқылы жергілікті жерлердегі мәселелерді сол институт арқылы шешуге. Өзі сайлаған әкімдер арқылды шешуге алып келе жатыр.

Сонымен ауыл әкімдерін болса да, сайлауды бастаймыз. Орталық Азияда алғаш болып қолға алып отырған – біздің мемлекет.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мына жаз айының ішінде Қазақстан Орта Азияда тұңғыш рет ауыл, аудан әкімдерін сайлауға кірісейін деп жатыр. Бұл үлкен, шынын айту керек , қоғамға әсер беретін, революциялық маңызы бар үлкен шешім, қадам. Енді, осыны дұрыс өткізу, осыдан сабақ алу, нәтиже шығару. Тағы талдау болады.

Енді әкімдіктен кім үміткер бола алады дегенге тоқталайық. Бірінші вариант: саяси партиялар ұсына алады. 2. Азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Және соңғысы аудан әкімі ауылдық кеңеспен ақылдаса отырып, өз кандидатын ұсына алады.

 Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
25 жасқа толған кез келген ҚР азаматы өзін өзі ұсына алады ауыл әкімдігіне. Қорықпау керек бұл үрдістан. Бірақ әрине қойылатын талаптар да бар. Мемлекеттік қызметте басқарушы лауазымдарда 2 жыл еңбек өтілі болуы керек деген. Сонымен бірге шаруа қожалықтарының басшысы ма, жеке кәсіпкерлікте басшы болып жүрген адамдар да олар да осы талаптарға сай келе алады. Десек те мемлекеттік қызметке қойылатын талаптар бұл басты, негізгі талаптардың бірі. Өйткені ауыл әкімі болу дегеніміз ол шаруашылықты, қаржылық жағынан болсын, заңгерлік жағынан болсын қандай да бір білімі болуы керек.

Саясаттанушылар сайлау кезінде баяғы болыс сайлауы кезіндегідей ру таласы болуы мүмкін екенін ашық айтып отыр. Дегенмен.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
Қазақстанның жағдайында, Қазақстанның шарттарында менталитет бар жергілікті жерлерде рушылдық болуы мүмкін. Бұра тарту болуы мүмкін. Осындай мәселелер болуы мүмкін деген рисктер жоқ емес бар. Бірінші жылы халық әкімді сайлайды. Мүмкін бұра тартушылық басқа болуы мүмкін. Бірақ екінші сайлауға барған кезде халық түсіне бастайды ғой. Көрші ауылда халық білікті білімді әкімді сайлайды. Ол ауыл көркейіп өсе бастайды. Ал бұра тартқан ауылдың әкімдері белгілі бір деңгейде артта қалуы мүмкін. Соны көрген соң біздің саяси сауатымыз өсіп, өркениетке жақындай бастайды.

Сайланған әкімге сұрақ қою қиын емес. Ал егер жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқара алмаса, ауылдық кеңес әкімді жауапқа тарта алады.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Кеңестердің жаңа бір өкілеттілігі пайда болады. Егер әкім өз жұмысын дұрыс жасамайтын болса сенімсіздік вотумын беру арқылы әкімді орнынан алып тастауға дейін бара алатын механизмдер қарастырылған.

Дегенмен сайлауға өз еркімен түсіп, сол жерді өркендетемін деген азамат тұрғындардың сұрақтарынан қашпайды да. Ол қандай қиындықтар, проблемалар барын білді.

Ал енді барлық ауылдың әкімі сайланса, тағайындалып жүрген аудан әкімдері де сайланатын уақыт алыс емес шығар. Сөйтіп жалғаса береді.

Оңғар Алпысбайұлы




Хабарламаларға жазылу