Қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге вакцина алу міндеттелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге вакцина алу міндеттелді

23.06.2021

Елдегі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін азаматтарға вакцина алу міндеттелді. Ал, екпе салдырмағандар апта сайын ПТР тапсыруы тиіс. Себебі, вирустың үнділік штаммы жаппай таралса, ахуал ушығып кетуі мүмкін.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше қазір жағдай тұрақты. Соңғы айда вирус жұқтыру көрсеткіші 1,7 есеге төмендеген. Бірақ, әлемнің 74 еліне таралған ең қауіпті үнділік штамның белгісі бізде де анықталды. Оған геномдық зерттеу әзірге толық аяқталмаған. Ол үшін үш апта уақыт керек. Бірақ, күтіп отырғанда кеш болуы мүмкін. Сондықтан, қауіптің алдын алу маңызды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Әсіресе, мына сауда орталықтары, үлкен базарларда қаншама адамдар күніне өтеді. Сондықтан, ол жерде тұратын арендаторлардың бәрі міндетті түрде вакцинация алу керек.  Бүкіл келетін ұшақтарға ПТР қойып қойдық. Мысалыға Үндістаннан келетін жолдың бәрін толықтай жаптық. 

Вице-премьер бүгінде Үкімет құрамының 80 пайызы вакцина алғанын хабарлады. Ал, қазіргі жағдайға байланысты, вирус жұқтырып одан жазылып шыққандардың да вакцина алу мерзімі өзгерген.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Өткенде бізде 6 ай болған. Соңғы жағдайларға байланысты, мерзім 3 айға қысқарды. Сондықтан, ауырып шыққан азаматтарды тексеру керек.  Көптеген елдер вакцинаға қолдары жетпей жатыр. Кеше ғана денсаулық сақтау ұйымы қаншама елдерде 2 пайыз деңгейінде вакцинамен қамтамасыз етілген елдермен жағдай қиын болып жатқанын айтып жатыр. Вакцинаны шығару үшін 262 риагент керек.  Бүгін міне Қазақстанда 2,4 млн қолдарыңызда бар дүниені неге біз осы алып осы қазір вакцина жасамаймыз.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов отандық QazVac вакцинасына көрші елдерден сұраныс түсіп жатқанын айтты. Бірақ, алдымен, ел азаматтарын қамту маңызды. Қазір ай сайын вакцинаның 100 мың дозасы шығарылып жатыр. Тамыз айының соңында 600 мың доза отандық вакцина өзіміздің зауытта құйыла бастайды. Мамандар вакцинаның қауіпіне байланысты ақпаратпен де бөлісті. Бүгінге дейін вакцинациядан соң 1437 адам ауырған. Бұл екпе алғандардың 0,05 пайызы.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
ПТР тест адамды вирустан қорғамайды. Ал, вакцина қорғайды. Сондықтан, азаматтардың вакцина алғаны дұрыс. Ең бастысы, вакцинация мемлекет қаржысына жасалады. Ал, азаматтар түрлі себеппен вакцина алғысы келмесе, онда ПТР-ге ақша төлеуі мүмкін. Өйткені, оны жұмыс берушілер шешеді.

Үнді штаммына байланысты карантин талаптары қатаңдатылса да, локдаун енгізілмейді. Бұл күн тәртібінде де жоқ. Өйткені, денсаулық сақтау жүйесі вирусқа қарсы тұру шараларын қолға алған. Резервтік төсек қоры бұрынғыдан екі есе көп. Дәрілік заттардың үш айлық қоры бар, жеке қорғаныс құралдары да жеткілікті,-дейді мамандар.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу