Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер қатары 9,5 мыңнан асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер қатары 9,5 мыңнан асады

25.05.2021

Биыл елімізде 150 мыңға жуық оқушы 11-12 сыныпты, ал 270 мыңға жуық бала 9-сыныпты тәмамадап отыр. «Алтын белгіге» үміткерлер қатары 9,5 мыңнан асады.

Елордадағы №54 мектеп-лицейде 160 түлек үшін қоңырау соңғы рет соғылды. Әр сыныпқа 20 минут уақыт берілген, 10 минут үзілістен соң келесі сыныпқа кезек келеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталған.

Мейрамгүл Сағын, №54 мектеп-лицей директорының орынбасары:
Мінекей, соңғы қоңырау мерекесін өткізіп жатырмыз. 6 сынып бар, алтауын алты бөлек өткізіп жатырмыз. Оқушыларымыз алтын белгілері мен үздік аттестаттарын дәлелдеп шықса деген тілегіміз бар.

Лицейдің 9 түлегі «Алтын белгіге», 1 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Соның бірі талай Республикалық олимпиадаларда үздік атанған Дильназ. Ол ұлттық біріңғай тестілеуді де жоғары деңгейде тапсырып, 124 балл жинапты. 

Дильназ Досанова, түлек: 
Мен бір апта бұрын ҰБТ тапсырдым, одан 124 балл алдым. Бүгінгі соңғы қоңырауға үстімнен ауыр жүк түскендей қуанып келіп отырмын. Ал жас түлектерге сәттілік тілеймін, ұстаздарыма алғыс білдіремін.

 Өзге өңірлерде де соңғы қоңырау рәсімі талапқа сай өткізіліп жатыр. Мәселен, Аягөз қаласындағы көп бейінді қазақ мектеп-гимназиясында 57 оқушы мектеп бітірді. Түлектер жүрек тебіренте ән салып, қоштасу вальсін биледі. Жиынға ата-аналардың біреуі ғана қатысуға рұқсат берілген.

Айман Жұмабаева, Аягөз қаласының тұрғыны:
Үйде отырып онлайн оқыса да білімдерін шыңдап, міне соңғы қоңырау болып жатыр. Ендігі тілейтінім, осы індеттен аман есен құтылып, балаларымыз мектепке қайтадан қоңырау соңып кіріп, сыныптарын толтырып, мүғалімдермен бетпе-бет кездесіп, сабақ оқуына тілектеспін.

Сондай-ақ, бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы Талапкер ауылына барып, мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Алдағы емтихандарға сәттілік тілеп, мұғалімдерге пандемия жағдайында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Ақниет Балтанова, Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу