Тіл, дәстүр, мәдениетті жандандырып, отбасылық институтты жаңғырту. Бүгін «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтіп, жоғарыдағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиында ұлттық құндылықтарымыз жаһандану процессінде жұтылып кетпес үшін арнайы заң қабылдау ұсынылды.
Ана тілімізге қауіп төніп тұр. Ұрпақтың сөздік қоры жұтаң. Тіпті, министрлерді де мінсіз дей алмайсың. Тіл тағдырын шешетін заң–дүбара күйінде, деді Ұлықбек Есдәулет. Себебі, билікте шорқақ мамандар шоғырланған.
Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
Заң мемлекеттік тілде жазылуы керек. Тілге бөлініп жатқан қыруар қаржының орасан бөлігі Қазақстанда тұратын көптеген этникалық топтар мен ұлыстардың тілдерін дамытуға, олардың жексенбілік мектептерінің мүддесін көздеуге жұмсалуда. Жалпы, менің ұғымымда, бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды, бірлік болса да баянды, берік боларына кепілдік жоқ.
Тарихи жадыны жаңғырту маңызды. Президент ежелгі дәуірден бүгінге мерзімге дейінгі тарихты қайта жазуды бекер нұсқаған жоқ. Бұл жаһандануға жұтылмаудың жолы. Ал, әлемдік үрдістерді үлгі етпей, төл мазмұнмен байыту керек. Салмақ білім беру саласына түседі. Оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтар сабағын қосып, жаңалау – басты талап. Сондай-ақ бүгінде нақты ғылымға көңіл бөлініп, тарих, өлкетану, география, музыка сынды ілімдерге тереңдемей келеміз. Кезек – кейінгі толқынға да жетті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы қажет.
Отан – отбасынан басталады. Олай болса, некенің беріктігіне көңіл бөлу керек. Бүгінде отасқандардың 40 пайызы ажырасады. Ал, соңғы үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі 2,5 есеге өскен. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі десек, кем-кетікті жедел түзеуге тиіспіз.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қатып қалған догма жоқ. Бәріне өзгеріс енгізуге дайынбыз.
Бүгінгі тыңдауда айтылған мәселенің бәрі кітап болып басылады. Сосын өңірлерге жіберіледі. Тиісті мекемелер өз игілігіне жаратады. Сенат оны бақылайды.
Нысаналы Ығыл