Шығыс Қазақстанда астан уланған балалар саны 85-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда астан уланған балалар саны 85-ке жетті

19.03.2021

Ұлан ауданының Бозанбай ауылында болған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Облыс әкімі уәкілетті органдарды оқушыларды тамақтандыру жұмысын дұрыс бақыламаған деп айыптады.

Соңғы 4-5 күннен бері Бозанбай ауылындағы ата-аналардың мазасы қашты. Апта басында интернатта тұратын екі баланың іші ауырған. Көп ұзамай дәл осындай шағыммен мектептегі басқа оқушылар да медициналық көмекке жүгінген. Бір үйден бірнеше бала ауырып қалған жағдайлар да бар.  

Кемелхан Шығыс, Бозанбай ауылының тұрғыны:
Мектепке баратын үш балам ауырды. Елден сұрасақ, мектепке барып, асханадан тамақ ішкен балалардың көбі ауырып жатыр. Қандай тамақ ішкені анықталып жатыр. Оны біз білмейміз. 

Балалар жаппай ауыра бастаған соң мектеп қарантинге жабылды. Дәрігер шақыртқан оқушылардың жалпы саны бүгін 85-ке жетті. Олардың 36-сы Өскемендегі аурханада, қалғаны үйде ем алып жатыр.  

Айдын Нұртазаұлы, облыстық ана мен бала орталығының эпидемиолог дәрігері:
Барлық науқастың жағдайы қалыпты. Бүгінгі күні түскен науқастарға энтеровирусты инфекция немесе ішек инфекциясын жұқтырған деген болжам қойылған. Бактериологиялық зертханаға сынамалар алынды. Нәтижесі 2-3 күнде дайын болады. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша нақты диагноз қойылады. 

Кешеден бері Бозанбай ауылында орталықтан жіберілген бір топ дәрігер жүр. Шағын ауылға арнайы құрылған комиссия мүшелері де барды.  

Сайрангүл Жұмаділова, облыстық білім басқармасының басшысы:
Сынып жетекшілері, мектептің психологтары, әлеуметтік педагогтардың барлығы жеке жоспар жасап, әрбір баламен психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп отыр. Ата-аналармен бүгінгі күні тығыз байланыстамыз. 

Балалардың жаппай уланып қалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді. Облыс әкімі аймақтағы барлық балабақша, мектеп және әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді тексеруді тапсырды.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу