Шаруалар қой жүніне салынатын экспорттық төлемді алып тастауды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар қой жүніне салынатын экспорттық төлемді алып тастауды сұрайды

05.03.2021

Шығыс Қазақстандағы шаруалар қой жүніне салынатын экспорттық төлемді алып тастауды сұрап отыр. өнімді шекарадан асырғанда алынатын төлемнің бұл түрі қой өсіретін және оның жүнін өңдеумен айналысатындарға ауыр тиіп тұр. Шопан ата түлігін өсірушілерге көп жылдан бері субсидияның да дұрыс төленбеуі бұл саланы құлдыратып жіберген. 

Шығыс Қазақстан елімізде қой саны бойынша төртінші орында. Қазір аймақта 1 миллион 700 мыңға жуық аша тұяқты ұсақ мал бар. Біраз жылдан бері шаруалар қой етін сатып қана ақша табады. Ал тері мен жүнге сұраныс мүлде жоқ.

Бағдат Сағынаев, өндірістік кооператив төрағасы:
Соңғы 4 жылды біз қой жүнін ешқайда өткізе алмай отырмыз. Бүгінгі таңда еш жер жүн алмайды, өткені олар ары қарай жуылған жүнді өткізе алмай отыр.

Қойдың жүні қор болып жатқанын Абай ауданындағы фабрика басшылығы да растап отыр. Жүнді жуып, ары қарай оны Қытайға экспорттаған кәсіпорын қазір банкрот болуға шақ тұр. Себебі тауарды сыртқа шығару үшін де салық төлеу керек.

Тасболат Битенов, жүн өңдеу фабрикасының директоры:
Өткізген өнімнің 10 процентін кедендік баж ретінде төлеу керек. Содан жүннің бағасын қытайлар түсіреді, кедендік баж төлейміз деп. Бізде де, ол жақта да, екі жақта төленеді. Соған байланысты міне 3-4 жыл болды, жүн өтпей тұр.

Таяуда осы мәселе өңірлік кәсіпкерлер палатасы өткізген онлайн жиында талқыланды. Шаруалар және қой жүнін өңдейтіндер экспорттық бажды 7 жылға алып тастауды сұрап, жоғары жаққа хат жолдады. Онсыз да соңғы уақытта көп шаруашылық ата кәсіптен бас тартты. Себебі субсидия төлеуде тепе-теңдік болмаған.  

Асқар Жақыпбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
Өкінішке орай осыдан 5-6 жыл бұрын 2,5 миллион қойымыз болған. Содан, субсидия ірі қараға көп төленгеннен кейін қой басы жылда азайып отырды. Былтыр министрлік соны сараптап, субсидия төлеу қағидаларына өзгерістер енгізген.

Шығыстағы кәсіпкерлер жуылған қой жүнінің бір бөлігін көрші Ресейге де сатады. Бірақ ол жақтың сұранысы тым аз. Сондықтан, онсыз да үлкен бейнетпен қырқылатын жүздеген тонна қой жүні шаруалардың қорасында шіріп жатыр. Жеңіл өнеркәсіпке аса қажет шикізатты ешқайда өткізе алмаған соң өртеп жіберу де үйреншікті көрініске айналған.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу