Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 2,4%-ға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 2,4%-ға қымбаттады

02.03.2021

«Азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген шенеуніктер жазалансын». Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай ұсыныс айтты. Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы соңғы кездері тіптен шарықтап кеткен.

Ақтөбеде азық-түлік бағасы аспандап тұр. Қант құны 1 жылда 60 пайызға өскен. Ал, қарақұмық 40, сұйық май 30, жұмыртқа 17 пайызға дейін қымбаттады. Тұрақтандыру қорларында жеткілікті болса да, бағада тұрақ жоқ. Шарықтап кеткен азық-түлік бағасын шектеу үшін Үкімет шұғыл шара қолданса -дейді, тұрғын.

Малика Оспанова, қала тұрғыны:
Жұмыртқа 500 теңге. Бұрын 500 теңгеге бір келі ет алатынбыз. Қазір еттің өзі 2 мыңнан асты. Шекерді жазда 170 теңгеге алдым, енді 265, 100 теңге қосып тұр. Ал, сұйық майды 870 теңгеге алдым, қазір 1300 деп тұр.

Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 2,4%-ға қымбаттаған. Ресми дерек осылай дейді. Көбіне сырттан келетін өнім және көкеністер қыста қымбаттап кетеді. Оның үстіне, өңірлерде тұрақтандыру қорлары жетіспейді. Министр бағаны бағындырудың тың тәсілі ретінде жаза қолдануды ұсынды.

Дархан дала – қазақты ғана емес, халықаралық қоғамдастықты асырауға әлеуетті. Тек оны тиімді игере алмай келеміз. Осыны меңзеген Асқар Мамин ауыл шаруашылығы министріне бірқатар тапсырма берді. Ол үшін алдағы 5 жылда 4 трлн теңге бөлінбек.

Ғабит Бөкенбай, тілші:
Баға жазаға бағына ма? Оны уақыт көрсетеді. Бір анығы Бақыт Сұлтанов аспандаған бағаны ауыздықтайтын жалғыз жол жаза деп отыр. Сондықтан бұл ұсыныс атқарушы билік құлағына алтын сырға болуы тиіс.

 Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу