Түркияда тағы бір Абай саябағы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда тағы бір Абай саябағы ашылды

29.12.2020

Абай жылы аясында Түркияда ақын атындағы тағы бір саябақ ашылды. Чорум провинциясы Искилип кентіндегі парк тау баурайындағы орман шаруашылығы ішінде орналасқан. Бұдан бөлек, осындағы ғұламалар музейіне Абайдың балауыздан жасалған мүсіні де қойылды. Түрік еліндегі қос қуаныш туралы толғырақ осы елдегі тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.  

 Айдос Әшімұлы, тілші:  
-Абай жылы аясында Түркияда Абай атындағы тағы бір саябақ ашылды. Бұған дейін қыркүйек айында Анталия қаласында ақын атындағы парк ашылған еді. Сондай-ақ Чорум провинциясында Абайдың балауыз мүсіні жасалып, Абай мұражайына қойылды. 

Искилиптегі ғұламалар мұражайы Түркияның танымал тұлғаларының балауыз мүсіндері жинақталған музей. Тарихта терең із қалдырған адамдардың өмірімен танысу үшін мұнда елдің әр түкпірінен қонақтар жиі келеді. Осында арнайы ашылған Абай бөлмесінде ақынның шетелде жасалған тұңғыш балауыз мүсіні де орналасты. Ақынның бейнесін жасау үшін мүсіншілер біраз ізденіпті.

Хакан Актан, мүсінші: 
-Бұған дейін қазақ тұлғаларының бейнесін жасамаған едік. Сол үшін жан-жақты ізденіп, Абайдың фотосуреттері, өмірбаянымен қатар, шығармашылығымен де таныстық. Мұндай ұлы тұлғаларды мүсіндеу үлкен жауапкершілік. Сондықтан бет әлпеті мен көзқарасын ұқсату үшін бірнеше апта еңбектендік. 

Ал ақын атындағы мұражай қала халқы әдетте демалыс күндерін өткізетін орман баурайында орын тепкен. Және жай жер емес, тарихи орын.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі: 
-Алғаш рет осы Түркияның Месопатомия деген өркениетінің орталығы болатын Чорум Искилип елді мекенінде ашып отырмыз. Екінші ерекшелігі бұл парк Түркияның ұлы көсемі, құрушысы Мұстафа Ататүрік үлкен шарушалық фазендасы деп аталады, соған Абай атын беріп отырмыз. Сол тұрғыдан да өте маңызды.  
Әли Сүлүк, Искилип кентінің мэрі: 
-Біз осы Абай саябағын ашу арқылы екі ел арасындағы достықтың маңыздылығын жастарға түсіндіруге тырыстық. Бұл екі халықтың бірлігінің нышаны болсын. Осында келген жұрт Абайды танып, мына тақташадағы шығармаларымен таныссын. 

Түркиядағы Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен Абай жылы аясында бірқатар ілкімді істер тындырылды. Абайды әлемге танытуға бағытталған шаралар келер жылы да жалғаса береді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу