СҚО-да шекара маңындағы елді мекендерде әлеуметтік нысандар тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да шекара маңындағы елді мекендерде әлеуметтік нысандар тапшы

03.12.2020

Солтүстік Қазақстан облысында Ресеймен шекаралас 93 ауыл бар. Олардың тең жартысы ауыз суға мұқтаж. Елді мекендердің көбінде мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Салдарынан тұрғындар қыстың көзі қырауда, аудан орталығына ағылады. Шекарадағы елді мекендердің бірінде болған тілшіміздің бейнематериалы.   

Осыдан үш жыл бұрын Мамлют ауданының Чистое ауылына оңтүстіктен қоныс аударған Әнуарбек Зәкіров келе сала шаруашылықты қолға алды. Ірі қара алып, құс өсірді. Бірақ, қыста мал бағу нағыз машақатқа айналды. Себебі, ауыз суға жарымай отырған ауыл тұрғындары төрт түлікті суару үшін күнде көлдің мұзын ояды.   

Әнуарбек Зәкіров, ауыл тұрғыны:  
-Күнде көлге айдаймыз, мұз оямыз. Қыста боран болса да қарамаймыз.  

Шекарадағы елді мекенде ауыз судан өзге мәселе көп. Жұмыс жоқ, сондықтан жастар ауылға тұрақтамайды. Әлеуметтік нысандар әлдеқашан жабылған. Бір кездері тіршілік қайнаған ауылда қазір жалғыз дүкен ғана бар.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:  
-Чистое ауылы шекарадан небәрі 5 шақырым жерде ғана орналасқан. Кезінде мұнда екі жүзден астам үй болған екен. Қазір қалғаны 52 ғана. Ғимараттар қираған, құлаған, мектеп қаңырап бос тұр.  

Ауылда мектеп жасындағы 2-3 бала ғана бар. Олардың өзі көрші ауылдағы мектеп-интернатта жатып оқиды. Бәрінен бұрын емхананың жоқтығы жанға батады дейді тұрғындар. Ауырып-сырқағандар 12 шақырым жердегі көрші ауылға, одан қалса облыс орталығына сабылады. Өркениеттен қол үзген жұрт ең құрығанда елдегі жаңалықты ести алмадық деп налиды.

Жабланбек Сайдов, ауыл тұрғыны:  
-Интернет болса жұмыс та болар еді. Байланыс нашар. Үйде Қазақстанның жаңалықтарын көріп отырсақ, Ресейдің каналдары қосылып кетеді.  

Ал, жергілікті атқа мінерлер әуелі ауыз су мәселесі шешілсе, ауылдың жағдайы жақсаратынына сенімді. Бірақ, ол үшін кешенді бағдарлама, қомақты қаржы керек.

Болат Бакин, ауылдық округ әкімі:  
-Ауылға орталық су желісін тарту үшін «Есіл су» кәсіпорнына өтініш жолдадық, жоба жасалып жатыр. Егер орталық су торабы тартылып, жаңадан үйлер салынса, оңтүстік өңірлерден келетіндер де көп болар еді. Келгендері кәсіп ашып, жұмыс істегісі келеді. Ал, шаруа қожалықтарындағы жұмыс маусымдық қана.  

Соңғы екі жылда шекарадағы 23 елді мекенді дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ бұл бағдарламаға халық саны аз болғандықтан Чистое ауылы енбей қалған.    

Сағындық Сәбитұлы                           


СҚО Чистое ауылы

Хабарламаларға жазылу