Түскейде де газға қатысты мәселе туындап отыр. Кентау қаласында жаңа көпқабатты 10 үй көгілдір отынға қосылмағандықтан, дайын болса да қаңырап отыр. Жылуы жоқ жаңа үйлер жайлы тілшіміз баяндайды.
Кентаулық жалғызбасты ана Айгүл Құдайбергенова аядай ғана бір бөлмелі пәтерді жалдауға мәжбүр. Үш баласының екеуі мүгедек. 9 жылдан бойы кезекте тұрғанымен, баспананың берілетін түрі жоқ.
Айгүл Құдайбергенова, Кентау қаласының тұрғыны:- Екі бөлмелі жалдауға ақшамыздың құны жетпейді. Мүгедектікке жәрдемақыға алып отырғанымыз тамаққа жеткізе алмаймыз.
Жалпы қала бойынша бүгінде 4 мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тіркелген. Алайда оларға жақын арада үй беріле қояр емес. Өйткені шағын шаһарда дайын үй жоқ.
Айнұр Ақбаева, тілші:- Кентаудағы мына он үйдің құрылысы қазан айында аяқталды. Бірақ баспанасын күткен 600 тұрғынның бірде-бірі пәтерін алған жоқ. Себебі, тұрғын үйлерге жылу әлі берілмеген.
Жаңадан салынған әрбір пәтер жеке жылу қазандықтарымен қамтылған. Бірақ тұрғын үйлерді жылытуға көгілдір отын тапшы. Құрылысты жүргізген мердігерлер болса дайын үйлерді тек күзетіп отырғанын айтады.
Жандарбек Қалдыбеков, құрылыс компаниясының учаске бастығы:- Қазіргі таңда үй тапсыруға дайын. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық құрылғысы қойылған. Қазір бер десе қазір бере аламыз.
Қала әкімі болса бастапқы жобада жылу беру жүйесі нақты көрсетілмеген, ал, орталық жылу қазандығына қосуға қаражат жоқ деп отыр.
Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі:- Жылу берілгенше бос тұра береді. Газды нақты қашан беретінін мен қазір айта алмаймын. ЖЭО-на қосатын ақша бөлінбеген.
Кеншілер қаласына газ беру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқанымен, оны қосу мерзімі нақтыланбаған. Себебі, мамандар бірнеше рет сынақтан өткізбей, көгілдір отынды тарату қауіпті екенін алға тартады. Сондықтан 600 пәтердің де қашан тапсырылатыны белгісіз.
Айнұр Ақбаева