Әлем елдері басшыларынан Елбасының атына жеделхаттар келіп түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдері басшыларынан Елбасының атына жеделхаттар келіп түсті

22.06.2020

Өзбекстан Президенті Елбасына тезірек коронавирус сырқатынан сауығып, бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне оралуына тілектестік білдірді. Телефон арқылы сөйлесуінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев екі ел үкіметінің коронавирус пандемиясын еңсеруге бағытталған шаралары туралы да пікір алмасты.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннен жеделхат келіп түсті. «Коронавирус инфекциясы өрши бастаған сәттен Қытай мен Қазақстан эпидемияға қарсы жемісті ынтымақтастық жүргізіп келеді. Бұл Қытай-Қазақстан қатынастарының стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейі мен ерекше сипатын көрсетіп отыр. Мен Сізбен қалыптасқан жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын және шын жүректен тезірек сауығып кетуіңізді тілеймін», – делінген жеделхатта.

Әрі Елбасының атына Иордания Королі екінші Абдалладан жеделхат келді. «Жайсыз хабарға алаңдай отырып, Сізге тезірек сауығып кетуіңізге тілегімді білдіру үшін жеделхат жолдауды жөн көрдім. Сіздің ең жақсы медициналық ем қабылдап жатқаныңызға сенімдімін әрі осы ем жақын арада оң нәтиже береді деген үміттемін», – делінген жеделхатта.

Бұдан бөлек, демалыс күндері Елбасының атына Сербия мен Түрікменстан Президенттерінің атынан да жеделхат келіп түсті. Олар да шын жүректен тезірек сауығып кетуін тілеп ниеттестігін білдірген.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу