Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

24.04.2020
Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Бейнеконференция режимінде өткен отырыста коронавирус эпидемиясымен күрестің, экономиканы қалпына келтіру мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуының стратегиялық мәселелері қаралды. Елбасы жаһандық сын-қатер айналасындағы жағдай өте күрделі екенін жеткізді. 

«Коронавирус салдары әлемдік экономиканың өмірлік маңызды жүйелеріне ықпал етеді. Халықаралық валюта қорының сарапшылары бұл жағдайды Ұлы дағдарыспен салыстырып, «Ұлы карантин» деп атады. Олардың мәліметінше, 170 елде жан басына шаққандағы табыс қысқарады. Бәрінен бұрын әлсіз экономикалар зардап шегеді. Бұл тоқсанда сарапшылар пандемия мен экономикалық дағдарыстың бір уақытта шарықтайтынын болжады. Бұл - ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі өнеркәсіптік өндірістің ең төменгі құлдырауы болады», - деді Тұңғыш Президент. 

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жақында әлем елдерінің қиын сынақтарға тап болатынын, Қазақстан да бұл мәселелерден шет қалмайтынын атап өтті. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қиын кезеңді еңсеру үшін Қазақстанның қазір жасап жатқан шараларының шешуші маңызға ие болатынын баса айтты. 

«Мемлекет басшысы мен Премьер-Министр дағдарысқа қарсы барлық қажетті шараларды қабылдады. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі күшіне енді. Еліміздің барлық азаматтарын төтенше жағдай талаптарын сақтауға шақырамын. Біздің тарихымызда бірнеше дағдарыс болды. Бірақ, қазіргінің жөні бөлек. Әрбір қазақстандық мемлекеттік қолдауды сезінуі үшін бәрін жасаймыз. Сонымен бірге, қазір болашаққа қарауымыз керек. Әлем енді бұрынғыдай болмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Елбасы Қазақстанда жаһандық сын-қатерді еңсеруге қажетті барлық ресурстар бар екенін атап өтті.

«Өткен жылдары шикізаттық ресурсқа тәуелділікті азайту үшін ауқымды жұмыс жүргіздік. Сондықтан, барлық негізгі даму бағдарламалары - индустрияландыру, шағын және орта бизнес, инфрақұрылымдар, агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік бағдарламалар әзірленді. Оларға үлкен ресурс бөлінді. Ұлттық қорда ауқымды қаражат көлемін жинадық. Бұл қор кезекті рет елімізді дағдарыстан құтқаруда. Бірақ, оны да шексіз пайдалануға болмайды, үнеммен қажет кезде ғана қолданған жөн.

Ең бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру керек. Қолдаудың бәрі бизнес пен халыққа жетуі үшін әрбір теңгені қадалағау керек. Қазірдің өзінде экономиканы қалпына келтіру мен дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын бастай берген абзал. Негізгі салалар, болашақ экономикасы, қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік сала мен қаржы жүйесі бойынша бағыттарды айқындау керек.

Қазақстанға – бірыңғай орталықпен әрі стратегиялық және операциялық нақты жоспар бойынша басқарылатын тиімді корпорация тұрғысынан қарайтын уақыт жетті. Мемлекеттік басқарушылардың бәрі – ауыл әкімінен бастап Үкімет мүшесіне дейін өз жұмысын қайта қарап, нақты нәтижеге жетуі тиіс. Мемлекетке экономиканы қалыпқа келтіріп, жұмыссыздықты азайтып, халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауға әзір батыл менеджерлер керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы елдің дамуын уақтылы көре білу – 2020 жылғы дағдарыстан аман өтіп қана қоймай, бүкіл мемлекетті пайдаға кенелтер басымдық беретінін жеткізді.

«Біз бұл дағдарысты еңсеретінімізге сенімдімін. Әкімдер, министрлердің бәрі де жауапты. Үкімет мемлекеттік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүкіл халыққа айтарым: осынау шаралар легін қолдап, бірлік танытып, ынтымақ пен тәртіп сақтау керек. Жұмыстың бәрі де халықтың қамы үшін жасалып жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

elbasy.kz

Хабарламаларға жазылу