Шетелдегі жалақысы жоғары жұмыстан бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі жалақысы жоғары жұмыстан бас тартқан

21.01.2020

Ел болашағы үшін шетелдегі жалақысы жоғары жұмыстан бас тартқан! Ақтөбелік Ләззат Әділова Қазақстандағы ең білімді 300 жастың бірі атанып, Президенттік кадр резервіне өтті. Ол алдағы уақытта мемлекеттік қызметкер атануды көздеп отыр.

Ләззат қазір Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде бас менеджер болып еңбек етеді. Ана тілінен өзге ағылшын, орыс, қытай және түрік тілдерін жетік біледі. Қытайда магистратурада оқыған. Білімді қазақ қызын сол елдегі халықаралық ұйымдар бірден жұмысқа шақырған. Алайда, Ләззат ұсыныстан бас тартқан.

Ләззат жұмыстан тыс уақытта жас мамандардың қарым-қабілетін ашуға тегін көмектеседі. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, шет тілінде еркін сөйлеуге қолғабыс етеді. Бұл ұйымның құрылғанына көп бола қоймаса да, жастар көп нәрсе үйренгендерін айтады.

Президенттік кадрлық резервке облыс бойынша 289 адам өтініш берген. Алайда, Ләззат секілді санаулы адам ғана жүзден жүйрік атанды.

Байқаудан іркілмей өткен мамандарға ел үлкен үміт артып отыр. Бұл сенімнің салмағын Ләззат та терең түсінеді. Ол бір айдан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істей бастайды.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу