«ҚазТрансГаз» компаниясы жылу беру маусымының басталуына орай қауіпсіздік ережелерін түсіндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазТрансГаз» компаниясы жылу беру маусымының басталуына орай қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

24.10.2019

Шымкент қаласында биыл адамдардың газдан улануының 4 оқиғасы болды. Мұндай қайғылы жағдайлар, әсіресе қыс кезінде жиілей түседі. Шаһарда жылыту мауысымының басталуы қарсыңында «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі жұртшылықпен кездесіп, оларға қауіпсіздік ережелерін айтып түсіндіруде. Сондай-ақ тұрғындарға сақтық шаралары туралы ескертпе қағаздар мен нұсқаулықтар таратылды.

1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан газ қондырғылары тұрған бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мұржалар әр үш ай сайын тазалануы керек. «Су жылытатын қондырғыларды жуынатын бөлмеге орнатуға мүлдем болмайды»,- дейді мамандар.

Бауыржан Байтөреев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының бас маманы:

Себептері газ құбырлары дұрыс орнатпайды, біріншіден. Құбырларды дұрыс жалғамайды. Қыстың алдында тазалап қою керек құбырларды.

Шыменттегі әл-Фараби ауданында 780 көпқабатты және 15 мыңнан астам жер үй бар. Сараптама мәліметтеріне сүйенсек, газдан улану, жарылыс секілді жағдайлар көбіне көпқабатты үйлерде болады. Оның басты себебі, пәтерлердің біраз бөлігі өз алдына дербес қазандық орнатып алған.

Ғабит Мәуленқұлов, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі:

Оның бәрі кезінде заңсыз қосылғаннан. Ол бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» өзі жұмыс істеп жатыр.

Газ мамандары қауіпсіздік шараларын тұрғындарға жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарын жыл сайын күшейтіп келеді. Жыл сайын жұртшылыққа сақтық талаптары жазылған 900 мыңнан астам нұсқаулық пен 7 мыңдай ескертпе қағаз таратылады. Бірақ тұрғындар салғырттығынан газдан улану көрсеткіші азаймай отыр. Былтырғы жылыту маусымында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 35 адам газдан уланып қайтыс болды. Сондықтан басты талап - газ жабдықтарын өз бетінше орнатуға болмайды, міндетті түрде газ компаниясының маманын шақырту керек. Ал газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


Хабарламаларға жазылу