Жәрдемақының жаңа түріне қатысты жобаны жұртшылық жылы қабылдап жатыр. Көп балалы отбасын қолдаудың кезекті әдісі 2 айдан соң басталмақ. Онда барлық көп балалы отбасына кемінде 42 мың теңгеден төленбек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше екпін беріп, АӘК-тің кейбір тетіктерін түзетуге пәрмен берген еді.
Гүлмира Маненова 5 баланың анасы. Әскери салада ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Жолдасы да осы салада қызмет етіп жүр. Отбасының табысы күнкөріс деңгейінен жоғары болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмады. Ал жаңадан енгізілгелі жатқан жәрдем түрін естіп, қуанып жатқанын жасырмады. Ол енді ай сайын мемлекеттен 53125 теңге қолдау көрмек.
Гүлмира Маненова, Қараөткел ауылының тұрғыны:
Өте қуаныштымыз. Бұл біздің отбасымыз үшін өте жақсы. Өйткені балаларым түрлі секцияларға барады. Соны жәрдемақы ақшасымен төлейтін боламын.
Жаңа жылдан бастап берілетін жәрдемақы отбасының табысына қарамайды. Мүмкіндік барлық көп балалы отбасына ортақ. Тек ақшаның көлемі баланың санына қарай есептеліп, төленеді. 42 мыңнан 73 мың теңгеге дейін. Ал сарапшылар: «Жүйені әлі де жетілдіру керек-ақ»,- дейді.
Сапарбай Жобаев, экономист-сарапшы:
Мен біраз асықпастан ойланып алған керек-ау деймін. Біз тек қана мұқтаждарға ғана жәрдем беру керек деген мәселені қарауымыз керек. Ол көп балалы ана бола ма, жоқ аз балалы ана болады ма, бір бала ана болады ма мұқтаж адамға жәрдем беруіміз керек. Мұқтаждық категориясын анықтап алуымыз керек.
Қалай дегенмен, жаңа заң жобасы осы айдың соңында Парламенттің қарауына ұсынылады. Егер депутаттар заңға өзгеріс енгізбесе, жаңа жылдан бастап шамамен 343 мың отбасы мемлекеттің кезекті қолдауын сезіне бастайды.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ